Қазақстандағы ең соңғы үлгідегі кешен Қосшыда салынып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Аумағы 7,7 мың шаршы метрді құрайтын жобаның құны 8,5 млрд теңге

Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Қосшы қаласында жаңа қоғамдық мәдени-спорт орталығы салынып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Кешеннің құрылысы былтыр күзде басталған болатын. Орталықтың алғашқы кірпішін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың өзі қалап, бұл әлеуметтік жобаның маңызды екенін айтқан еді.

«Болат Өтемұратов» қорының демеушілігімен салынып жатқан нысан 2025 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі деген жоспар бар.

Жаңа орталықтың ауданы 7.7 мың шаршы метрді құрайды. Жобаның құны 8,5 млрд теңге. Орталықтың жобасы ең озық халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалған.  Мұндай қоғамдық мәдени-спорт орталықтары, әсіресе Еуропа елдерінде кең таралған. Сондай-ақ, шығармашылық және спорттық үйірмелерді, ересектер мен балаларға арналған демалыс орталықтарын ұйымдастыруға,  концерттер, кітап жәрмеңкелері мен өнер көрмелерін өткізуге арналған алаң ретінде қызмет етеді.

Яғни, Қосшыдағы бұл қоғамдық мәдени-спорт орталығы Қазақстанда осы үлгідегі алғашқы  орталық болмақ.  Нысан үш негізгі аймақтан – білім беру, мәдени және спорттық аймақтардан тұрады деген жоспар бар. Білім беру блогына робототехника, кескіндеме, тігін және қыш жасау студиялары, шахмат, информатика мен математиканы үйрететін сыныптар, балаларға арналған егіншілік сабақтар үшін қысқы бақ, ерте даму орталығы және мектепке дейінгі білім беру кеңістігі кіреді.

Мәдени блок ұлттық және классикалық музыкалық аспаптар үйірмелерінен, кітапхана, сондай-ақ көрме және дәріс залдарын тұрады.

Спорт әуесқойлары үшін футбол, волейбол және баскетболға арналған әмбебап зал, көшедегі спорт алаңы, хореографиялық зал және душ бөлмелері, киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған.

Сонымен қатар орталықтың аумағында кинотеатр, террасаға шығатын асхана және коворкинг-аймақтар ашылады.

Айта кетсек, Болат Өтемұратов қоры Қосшыда 1500 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектеп салып берген. Білім ордасы 2023 жылдың қыркүйегінде ашылған болатын.  Мектептің құрылысы мен толық жабдықталуына 7,5 млрд теңге жұмсалған.