Астана сотында Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы болып жатыр
Астанада әйелін азаптап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы жалғасты. Бүгінгі отырыста сұралған Салтанаттың көмекшісі Анар Тасова Нүкенованың болмысы, мінез-құлқы туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жәбірленуші тараптың адвокаты куәгер Анар Тасовадан «Нүкенованың мінез-құлқы қандай еді, жанжалқор емес пе еді?» деп сұрады.
«Салтанат өмірге құштар, өте нәзік қыз еді. Онымен сөйлесудің өзі бір ғанибет, оның қасында уақыт тез өтетін. Әлеуметтік желілерден оның фото-видеоларын көріп жатқан шығарсыздар, өмірде дәл сондай көңілді болатын. Айналасына шуақ шашып жүретін», - деді Анар Тасова.
Ал адвокаттың «Салтанаттың ер адамдармен сөзге келіп, төбелескенін көрген бе едіңіз» деген сұрағына куәгер «ешқашан ондай жағдай болған емес» деп жауап берді.
«Мұндай жағдайды ешқашан көрген емеспін. Керісінше, ол мені үнемі нәзік болуға үйрететін. Маған үлкен әпкемдей болды. Одан үлгі алатынмын. Біреумен жанжалдасқанын, ұрысқанын ешқашан көрмедім», - деді куәгер.