Су тасқынынан зардап шеккен АӘК алушыларға әлеуметтік көмек қалай тағайындалады

Автор: Azattyq Rýhy

Көмек көрсетуге алғаш рет өтініш білдіретін азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы жүгіне алады

Фото: istockphoto.com

ТЖ режимі жарияланған аудандар мен қалалардағы атаулы әлеуметтік көмек алушыларға осы жылдың II тоқсанында АӘК автоматты түрде ұзартылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нормативтік құқықтық актілерге қажетті өзгерістер енгізіп жатыр.

«Автоматты түрде ұзарту су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі АӘК алушы отбасыларға мемлекеттік қолдауды уақтылы көрсетуге мүмкіндік береді.

Көмек көрсетуге алғаш рет өтініш білдіретін азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы жүгіне алады», - деп жазылған хабарламада.

АӘК келесілерді көздейді:

  •  табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
  •  1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру;
  •  жұмысқа орналастыру жолымен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, оқуға жіберу, өз ісін ашуға ынталанған отбасыларға гранттар беру және т.б.

2024 жылдың I тоқсанында 58,8 мың отбасы (312 мың адам) 7,8 млрд теңге сомасына АӘК алды.