Бүгінгі сот отырысында қосымша сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшыдан жауап алынып жатыр
Елордалық сотта бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істі қарау жалғасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгінгі сот отырысында қосымша сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаровтан жауап алынды. Судья сарапшыдан Салтанат Нүкенованың мұрны сынған-сынбағанын сұрады.
«Сарапшылар мұрындағы сынықтың қалай болғанын сипаттайды. Факт - ол мұрынға соққының жасалғаны, сынықтың болуы. Мұрын сынған кезде сынықтар жан-жаққа кетеді. Соққының күшіне қатысты сарапшылар, мұрын сынатындай қатты соққы болғанын айтады», - деді медициналық сарапшы.
Прокурор сарапшыға «Адам ми жарақатын алғаннан кейін ұйқыдағыдай қорылдай ма?» деп сұрақ қойды.
«Жоқ, әрине. Мұнда бұл жарақат жедел тыныс жетіспеушілігімен бірге жүрді. Мұндай құбылыстардың дамуымен, жедел тыныс жетіспеушілігінен тыныс алу бұзылады және оны қорыл ретінде қабылдауға болады. Бірақ бұл жағдайда ұйықтап жатқан адамның қорылы емес. Ұйықтап жатқан адамның қорылдауы тұрақты, бірсарынды, ал бұл жағдайда адам тұншығып жатады, оған ауа жетіспейді», - деп түсіндірді Халимназаров.