Францияда тек шарап туралы жазатын 5 журналистің барын естіп, таң қалдық – Алма Сайлауқызы салалық журналистика туралы
Салалық журналистиканың артықшылығы көп, ол – ең алдымен, мақсатты аудиториясы айқын медианың түрі
Қазақстанда кейінгі уақытта салалық журналистиканы дамытуға назар аударылып келеді. Алайда саланың кемшін тұстары да жеткілікті. Салалық журналистиканы дамыту бізге не береді? Қазіргі жай-күйін қалай бағалаймыз деген сұрақтар төңірегінде PhD, MNU Халықаралық журналистика мектебінің Adjunct assistant профессоры Алма Сайлауқызы Azattyq Ruhy ақпарат агенттігіне берген сұхбатында толыққанды айтып берді.
Айта кетейік, Мәдениет және ақпарат министрлігі салалық журналистика мамандарын дайындау бойынша ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарымен бірлескен күш-жігердің арқасында мемлекеттік, сондай-ақ жеке меншік БАҚ-тың 4000-нан астам журналисті еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінің маңызды салаларын жария ету бойынша тегін оқытудан өткен. Дайындалған журналистер дезинформацияға қарсы күресте, сондай-ақ қазақстандықтарды жан-жақты объективті ақпараттық ағартуда БАҚ пен әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментін дамытуға елеулі үлес қоспақ.
Жалпы, қазірдің өзінде республикалық және өңірлік медиа журналистері медицина, этносаралық қатынастар, дін, IT-саласы, экология, аграрлық сектор, қаржы және экономика, құқықтану мәселелерін ақпараттық жария етудің қыр-сыры мен ерекшеліктері бойынша оқытудан өтті.
Салалық журналистиканы дамыту жоспарының маңызды бөлігі ретінде салалық ұйымдар мен салалық кәсіптік одақтар арасында 2021-2023 жылдарға арналған келісім жасалғанын айта кету керек. Келісім әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеудің жалпы қағидаттарын, салалық журналистерді даярлау жөніндегі міндеттерді айқындамақ.
Ал бізге сұхбат берген профессор салалық жуналистиканың пайда болуы, дамуы және қазіргі деңгейі туралы кәсіби сарапшылық пікірін білдірді.
– Алма ханым, салалық журналистика ұғымына түсінік берсеңіз, оның артықшылығы неде?
– Салалық журналистика – аты айтып тұрғандай, белгілі бір салаға қатысты жан-жақты, терең ақпарат берумен айналысатын сарапшылық журналистиканың түрі. Шет елдерде оны әлеуметтік қызмет түрі деп атайды. Салалық медиа түрлері сонау ХІХ-ХХ ғасырларда АҚШ-та пайда болды деуге негіз бар. Әсіресе, «new journalism» кезеңінде бұрынғы журналистік қағидалар жаңа сипат алып, оқырманның сұранысын қанағаттандыруға арналған, соның қызығушылығын ескерген салалық газет түрлері пайда болды.
Салалық журналистиканың артықшылығы көп, ол – ең алдымен, мақсатты аудиториясы айқын медианың түрі. Сапалы, өзекті контентті тұтынғысы келген бұқараға бағытталған журналистиканың біршама жетілген тармағы деуге болады. Екіншіден, тақырыпты тереңінен зерттеуге деген мүмкіндік. Мәселен, ғарыш тақырыбында жазатын журналист – алғашқы ғарышкерлерден бастап, соңғы жер серіктері туралы тың мәліметті жан-жақты меңгеріп алған, сол саладағы проблемалар мен жетістіктерді бес саусақтай білетін, сарапшылық қабілеті шыңдалған профессионал деген сөз. Әр нәрсенің басын бір шалып, бетін қалқып жаза беретін кейбір тілшілер ондайда бәсекеге қабілетсіз болып қалары анық. Үшіншіден, ол медиа материалдар мәселенің байыбына барып зерттелген дүниелер болғандықтан, сол саланың дамуына, жалпы қоғамдық сананың өсуіне әсер ететін күшке ие. Төртіншіден, еңбек нарығындағы журналистердің өз орнын табуға, өз қызығушылығы мен қабілетіне сай еңбек етуге мүмкіндік беретін сала.
– Салалық журналистиканың әмбебап журналистикадан гөрі тиімдірек деуге бола ма? Қазақстандағы салалық журналистиканың даму деңгейі қандай?
– Әрине, салалық журналистика – тиімді құрал. Әмбебап журналистиканың, яғни базалық журналистиканың да өз қызметі бар. Базалық журналистиканың стандарттары мықты сақталған кезде ғана салалық журналистика содан нәр алып, дамиды. Бірі артық, бірі кем деп салыстырған дұрыс болмас. Мәселен, біздегі медициналық журналистиканың өз дәрежесінде дамымай, сол тақырыптағы салалық, беделді басылымның болмауының салдарынан, әлеуметтік желіде ерінбеген блогер «дәрігер» статусын алуға құмартып жүр. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұрақты жарияланып тұрған «Денсаулық» сол үдеден шығып, қоғамға қызмет еткен мықты журнал еді. Ауыл шаруашылығы басымдықта тұрған ел ретінде сол салаға маманданған журналистерді дайындап, бірнеше БАҚ түрін жұмыс істетіп тұратын шамамыз бар еді. Алайда, біздің салалық журналистер салыстырмалы түрде әзірге өнер, мәдениет, спорт саласында ғана белсенді қызметін көрсете алып жүр. Біздің елде неліктен әлі күнге дейін мұнай өндірісіне маманданған бір де бір газет немесе журнал отандық пайдалы жер қазбаларының проблемасы мен перспективасын тұрақты талдамайды, қалай ойлайсыз? Сондықтан, сөз жоқ, салалық журналистика керек, ал оны жүйелі дамыту мемлекеттік дәрежеде жүргізілуі тиіс шығар.
– Біздегі салалық журналистиканы шет елдермен салыстырғанда не жетіспейді?
– Шет елде әр саланы дамытуға концептуалды түрде келеді. Алдымен қай жерде, қай салада қандай проблема бар екені зерттеледі және үнемі мониторингте тұрады. Екіншіден, болашақ мамандарды дайындайтын оқытушы-профессорлық құрам іріктеледі, олардың кәсіби, тәжірибелік, ғылыми әлеуеті шыңдалады. Сосын ЖОО-нан сұраныс пен қажеттілікке сай мамандар даярланады, олар өндіріспен, яғни болашақ өзі баратын саласымен тығыз қарым-қатынаста жүріп бапталады. Бірнеше жыл бұрын Еуропада тағылымдамадан өткен кезімде, жергілікті журналдың ұжымымен кездестік. Ол басылым – президентінің өзі тұрақты түрде оқып, жарияланымдарына құлақ түріп отыратын беделді журнал. Әлем бойынша электронды жазылымы да дамыған. Сол журналдың бас редакторы тек қана шарап туралы жазатын 5 журналисінің бар екенін айтқанда, таң қалдық. Шарап, шампан өндірісінің Франция үшін қандай маңызды сала екені көпшілікке мәлім. Бір журналда шарап туралы бүге-шігесіне дейін білетін бес бірдей сарапшы журналистің болуы көп жайды аңғартса керек. Ал біздің елде қымыз немесе шұбат туралы жазатын бір журналды айтпай-ақ қояйық, бүкіл республикамыз бойынша 5 журналист шығар ма екен? Немесе төл өнер саятшылық туралы жүйелі ақпарат беретін білікті тілші бар ма? Риторикалық сұрақ.
– Салалық журналистика бойынша елімізде қандай жұмыстар атқарылып жатыр, нәтижесі қандай? Жоғары оқу орындарында салалық журналистика қаншалықты қолға алынған?
– Мемлекеттік дәрежеде түгелдей қандай шаралар атқарылып жатқанын білем деп айта алмаймын. Тек ЕҰУ, ҚазҰУ, MNU сияқты оқу орындарының осы бағыттағы жекелеген оқу бағдарламаларын ашып жатқанын білемін. Сонымен қатар 2023 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанындағы Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған ауқымды зерттеу туралы хабардармын. 24 отандық және 22 шетелдік оқу орнының білім беру бағдарламаларын зерттеген «Ашық силлабус» деп аталатын ол жобада ЖОО-лардың журналистика бойынша білім бағдарламаларына сараптама жасалған. Соның нәтижесіне қарар болсақ, біздің университеттерде халықаралық қатынастар, экономика, спорт және ішінара медициналық журналистика бойынша пәндер бар. Салыстырмалы түрде дамыған деп саналатын спорт журналистикасының өзі 24 оқу орнының ішінде тек 5-еуінде ғана оқытылады екен. Ал әлемде жоғары сұранысқа ие, қарқынды дамып жатқан психологиялық, педагогикалық және дін журналистикасы бойынша мүлдем маман даярланбайтыны анықталған.
Жалпы алғанда, жыл сайын журналистиканы оқытатын ЖОО саны артып жатқан сияқты. Қазіргі таңда медиа және коммуникация бағытында маман даярлайтын 38 журналистік білім бағдарламасы бар десек, соның ішінде Атырау мемлекеттік университетінде оқытатын экстремалды журналистика деп аталатын оқу бағдарламасы назар аударарлық тартымды үлгі деп айтар едім.
– Салалық журналистиканы дамыту үшін не істеу керек?
– Бұл сұраққа бұған дейінгі сұхбаттарымда да жауап берген едім. Салалық журналистикаға негіз болатын – базалық, конвергентті немесе әмбебап журналистика. Салалық журналистика – соның келесі даму кезеңі. Сол себепті назарды сол негізгі журналистиканы дамытуға қою керек деп санаймын. Оның дамуының бірнеше факторы бар, нақтырақ айтар болсақ, қоғамның ашықтығы, демократиялық прициптерге жүгінуі, құқықтық мемлекет құру принциптерін ұстануы және әрине, журналист мамандардың жоғары дәрежеде дайындалуы. «Медиа дамыту қорының» 2020 жылғы «Жоғары оқу орындарында кадрларды даярлау деңгейін бағалау» атты зерттеудің нәтижелеріне үңілер болсақ, респонденттердің тек 12,8 пайызы ғана білім сапасын «жоғары» деп бағалаған.
Журналист кадрларын дайындауда Еуропа ғалымдары үш нақты бағытты анықтай отырып, «мінсіз журналистік құзіреттілік» деп атайтын тәсілді ұсынады. Олар: кәсіптік құзірет (жазу, редакциялау, есеп беру), медиалық құзірет (жанрлар, форматтар, дизайн) және материалдық құзірет (әлеуметтану, саясаттану, экономика). ЖОО журналистерді дайындау осы үш құзіретті басшылыққа ала отырып, академиялық білімді практикалық біліммен қатар ұштастырып бергенде, оң нәтиже берері айқын. Ал оның сапалы жүруін қамтамасыз ету үшін қажетті заманауи оқулықтар, білікті кадрлар, сауатты оқу бағдарламалары қажет. Бұның бәрі – бір-бірімен өзара байланысты кешенді процесс.