Сотта Бишімбаевтың Нүкенованы аяусыз ұрып, тепкілеген видеосы көрсетілді

Автор: Темірхан Айжан

Бейнежазбаны көрсету кезінде Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сот залынан шығып кетті

Қуандық Бишімбаевтың Салтанат Нүкенованы Bau мейрамханасында аяусыз ұрып, тепкілеген видеосы көрсетілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бейнежазбада Бишімбаев Нүкенованы бірнеше рет ұрып-соғып, тепкілеп, шашынан сүйрелеп дәретханаға алып кіреді. Бірнеше минуттан соң, ол жерден шығып, тағы шашынан сүйреп VIP бөлмеге алып кетеді. Нүкенованың тарапынан ешқайдан қарсылық әрекеті болмайды.

Бейнежазбаны көрсету кезінде Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді қарындасының соққыға жығылып жатқанын тағы да көру ауыр екенін айтып, шығып кетті.

Видео 2023 жылғы 9 қарашада мейрамхананың бейне бақылау камерасына түсірілген.

Айта кетсек, бүгін Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өз жұбайы Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың кезекті соты өтіп жатыр.

Тақырыпқа орай: Салтанаттың бетінен төрт рет шапалақпен ұрып, бірнеше рет тептім – Бишімбаев