Сот Бишімбаевтың адвокаттары айтқан өтінішті қабылдаған жоқ

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Олар әлеуметтік желі мен БАҚ-та Бишімбаев пен туысы арасындағы хаттар негізсіз жарияланды деді

видеодан скриншот

Бүгін Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысы бастала сала оның қорғаушылары БАҚ пен әлеуметтік желіде Қылмыстық істің материалдары жарияланып жатыр деп, соттан шара қолдануды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның адвокаттары 1 сәуір күні болған сот отырысында Бишімбаев пен оның туысқаны Бақытжан Байжанов арасындағы жазбалар сол күні сол қалпында БАҚ-та жарияланғанына қарсы шықты.

«Әрбір сот отырысынан кейін осындай жазбалар жарияланады. Бұл қылмыстық істің құжаттары, сондықтан, осыған қатысты шара қолдануды сұраймын. Осы құжаттарды жариялаған адамдарға шара қолданыңыз. Бұл құжаттар тек зардап шегуші мен біздің қолымызда ғана бар. Одан басқа ешкім қол жеткізе алмайды. Біз осыған қатысты Астана қаласының покуратурасына шағым түсірдік. Соттан осыған қатысты шара қолдануды сұраймын», - деді адвокат.   

Бірақ, Салтанат Нүкенованың туыстары мен адвокаты, мемлекеттік айыптаушы сот отырысы тікелей эфирде өтіп жатқанын, сондықтан, бұл арыз негізсіз екенін айтты. Сот оларды қолдап, Бишімбаевтың қорғаушылары айтқан арызды қабылдаған жоқ.