Бишімбаев Салтанат Нүкенованың бұрынғы қарым-қатынастары туралы айтты

Автор: Темірхан Айжан

Жәбірленуші тарап Бишімбаевтың сөзі Салтанатты қаралау болып табылатынын жеткізді

видеодан скриншот

Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованың Қазақстанға танымал адамның «ашынасы» болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Үйленгенімізден 3-4 күн өткен соң, оның мінезі өзгеріп, ашуланып жүрді. Одан не болғанын сұрадым. Салтанат менің кабинетімде суретте тұрған кісімен бір кездері жақын қатынаста болғанын айтты. Ол азаматтың отбасы, 4 баласы бар, одан 20 жасқа үлкен. Қазақстанға танымал адам. Аты – Райымбек. Мен ол кісімен жұмыстас болдым, танимын. Сондықтан қатты таңғалдым», - деді Бишімбаев.

Бишімбаев өзіне дейін Салтанаттың «кіл үйленген азаматтармен көңіл жарастырғанын» айтты.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Бишімбаевтың сөздеріне ешқайдай дәлел жоғын және қаралып отырған іске еш қатысы жоқ екенін айтты. Сонымен бірге бұл Салтанатты қаралау болып табылатынын да жеткізді.

Бишімбаевтың сөзінше, осы жағдайдан кейін Салтанаттың мазасы кетіп, ашуланып, қызғаныштан оны үнемі аңдитын болған.

Айта кетейік, бүгін Астанада экс-министр Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасын тапты.

Бишімбаев Нүкеновамен қалай танысқанын айтып тұрғанда қайта-қайта күле берді. Ол үшін судьядан ескерту алды. Сот залында отырған Нүкенованың анасы Бишімбаевтың сөзін көтере алмай, жылап қалды.

29 наурызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өз жұбайы Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты өткен болатын. Сотта куәгердің бірі Нүкенова өлген күнгі видеожабалардың қалай өшірілгені туралы айтты. Жәбірленушінің ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың қалай танысып, қалай аралары суығаны, олардың арасындағы ұрыс-керіс туралы айтып, қарындасының бет-аузы көгерген суретін көрсетті. Сонымен бірге, қарындасы өлтірілген ауыр түнді еске алды.

27 наурызда 12 алқабидің қатысуымен бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың негізгі сот отырысы өткен.

Күдікті Қ.Бишімбаевқа тағылған айып:

ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің;

1) тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.

Күдікті Бақытжан Байжановқа тағылған айып:

ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.

2023 жылдың қарашасында экс-министрге өз әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген айып тағылды. Оған ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі (Азаптау) және 99-баптың 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру) бойынша айып тағылған. Егер қылмысы дәлелденсе экс-министр 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.