Жауапты мемлекеттік құрылымдардың біліксіз әрекетіне қатаң баға берілді – Ерлан Қошанов

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл жағдай Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей өз бақылауында

Фото: facebook.com/y.koshanov

Мемлекет басшысы су тасқынына байланысты шұғыл кеңес өткізді.ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов осыған қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Спикердің пікірінше, онда жауапты мемлекеттік құрылымдардың немқұрайлылығы мен біліксіз әрекетіне қатаң баға берілді.

Президент зардап шеккен өңірлердегі тұрғындардың дүние-мүлкі бүлініп, үлкен шығынға батқанына өкінішін білдірді. Олардың бәріне материалдық көмек көрсетілетінін айтты.

«Бұл жағдай Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей өз бақылауында. Премьер-министр бастаған Республикалық штаб құру, сондай-ақ барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылды. Штаб болашақта осындай апаттардың алдын алу үшін кешенді шаралар әзірлеуге тиіс. Кешеден бері Мәжіліс депутаттары ең көп зардап шеккен өңірлерде жүр. Олар жұртшылықпен кездесіп, сол жерде барлық қажетті көмектің көрсетілуіне бақылау жасауда. Сонымен қатар құтқарушылардың жұмысына жәрдемдесіп, волонтерлердің жұмысын үйлестіреді және қажет болған жағдайда гуманитарлық көмек жеткізуді қамтамасыз етеді», - деді Ерлан Қошанов.