Таразда субсидияға бөлінген қаржыны қалтасына басқан алаяқ 7 жылға сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Түркістан облысының тұрғыны 40 қожалыққа тиесілі 340 млн теңгені жеке басына жұмсаған

Фото: istockphoto.com

Таразда субсидияға бөлінген қыруар қаржыны қалтасына басқан алаяқ 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

Түркістан облысының тұрғыны 40 қожалыққа тиесілі 340 млн теңгені жеке басына жұмсаған. Ол әуелі шаруаларға өзін аграрлық кәсіпорын басшысы ретінде таныстырған. Сөйтіп картоптың сирек сұрпын жеткіземін деп сендіреді. Тұрғындар арзан тұқымды алу үшін элеткронды құжаттарын өткізген. Артынша, 36 жастағы алаяқ субсидия порталы арқылы өтінім береді. Ал аударылған ақшаны өзге шоттан шешіп отырады. Ол жымысқы жоспарын 3 жыл бойы жүзеге асырып отырған. Бұл іске туыстарын да тартқан.

 «Алданғандар қатарында үш облыстың тұрғындары бар. Шаруалар шынымен сенім білдіріп, тұқым келеді деп күткен. Бірақ алаяққа алданғандарын кеш түсінеді. Жалпы есепте 350 млн теңгеге жуық ақшаны жымқырып отыр. Ал оның 40 млн теңгесіне тыңайтқыш алу керек болған», - деді облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Жағыпар Исатаев.