Сырым және Қаратөбе аудандарында жағдай күрделі
Батыс Қазақстан облысында қардың күрт еріп, жауын-шашынның көп түсуі салдарынан 432 тұрғын үйдің ішіне су кірген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сырым және Қаратөбе аудандарында жағдай күрделі.
«Сырым ауданында Өлеңті өзенінің тасуынан Өлеңті, Жымпиты, Бұлдырты ауылдарында тұрғын үйлерді су басты. Сонымен қатар 5 елді мекенде электр желісінде болған авариялық ажырату салдарынан ұялы байланыс та болмады. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп жазылған хабарламада.
Үйін су басқандар туған-туыстарының үйіне орналасты. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында Алматы қаласынан 50 әскери келіп, суды тежеу және адамдарды қауіпсіз жерге көшіру үшін жұмылдырылды.
«Қаратөбе ауданында Жақсыбай өзені жағадан шығып, Қоржын ауылының тұрғын үйлерін су басқаны белгілі. Бастапқыда тұрғындар ауылдағы мектепке орналастырылған болатын. Қазіргі кезде Ақтөбеден келген 2 тікұшақпен су қоршауында қалған Қоржын ауылынан адамдар қауіпсіз жерге оқшауландырылып жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.