Баспаларға электронды оқулықтарымыз болуы керек деген талап қойдық – Аймағамбетов

Автор: Azattyq Rýhy

Министр білім және ғылым салаларын цифрландыру жұмыстары туралы айтты

Фото: ашық дереккөзден

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн брифингте білім және ғылым салаларын цифрландыру жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Асхат Аймағамбетов ең алдымен қысқа уақыттың ішінде қаржыландыру саласында цифрландыру жұмыстарын жүргізу керек екенін айтты.

«Өткенде мемлекет мұғалімдердің жалақысын өсіргенде жұмыста отырып алып, «өрт сөндіруші» болып кеттік. Қай жерде ақша төленді, қай жерде төленбеді – бәрін бақылап отыруға тура келді. Себебі білім жүйесінің сипаты өте орталықтандырылған. Әр аудан немесе облыста айлық төлеу, шәкіртақы немесе сыйақы беру жұмыстары мәселе туындатады», – деді министр.

Асхат Аймағамбетов министрлік қазіргі таңда мектептер бойынша электронды оқулықтарға баса назар аударып жатқанын жеткізді.

«Көп адам былайғы кітапты электронды форматқа ауыстырды – бітті, мәселе шешілді деп ойлайтын болу керек. Кей жерде солай аударылып та жатыр. Бірақ қашықтан оқытудың талабына сай келетін лайықты электронды оқулықты дайындап жатқан баспалар бар. Қазір атын атағым келмейді. Баспаларға электронды оқулықтарымыз болуы керек деген талап қойдық. Балаларға ол қолжетімді болуы тиіс», – деді ол.