Қазақстан ресейлік мұнайды Қытайға тасымалдау мерзімін ұзартты

Автор: Темірхан Айжан

Ресей мұнайын жылына 10 миллион тонна мөлшерінде ұзақ мерзімді тасымалдау жүзеге асырылады

Фото: freepik.com

Мәжіліс 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы ҚР аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Хаттама 2023 жылғы 16 маусымда Санкт-Петербургте жасалды.

Хаттамаға сәйкес Ресей мұнайын жылына 10 миллион тонна мөлшерінде ұзақ мерзімді тасымалдау жүзеге асырылады. 

Мұнайды тасымалдау құны тоннасына 2,1 АҚШ долларын құрайды және АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы негізінде теңгемен төленеді.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, 2014 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде Ресей мұнайының ҚР аумағы арқылы ҚХР-ға жалпы транзиті 90 млн 899 мың 271 тоннаны құрады. Жалпы түсім 1 млрд 327 млн доллар немесе 501 млрд 981 млн 476 мың 65 теңгені құраған.

Хаттамаға сәйкес Келісім 2034 жылғы 1 қаңтарға дейін әрекет етеді.