«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы үстемдік құра бастағанына куә болып отырмыз – Асыланбек Губашев

Темірхан Айжан

Аудандық деңгейдегі басшыны халық тікелей сайлайтындықтан бұл ауқымды науқан шын мәнісінде тарихи маңызға ие болды

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы үстемдік құра бастағанына куә болып отырмыз – Асыланбек Губашев
Фото Асыланбек Губашевтің жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысының саяси бастамалары негізінде елдегі сайлау жүйесіндегі өзгерістердің өңірде қалай жүзеге асып жатқаны туралы БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Асыланбек Губашев Azattyq Ruhy тілшісіне айтып берді.

Асыланбек Зиннатұлы, алдымен облыстың сайлау жүйесі туралы айтып берсеңіз. Әділ сайлау өткізу үшін сайлау комиссиясының мүшелері жаңарды ма?

- Елдегі облыстық және аудандық, қалалық, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілетті мерзімі 2023 жылдың соңында аяқталғаны белгілі. Өткен жылдың аяғында мәслихаттар саяси партиялардың ұсынысы болмаған жағдайда қоғамдық бірлестіктердің немесе жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы негізінде комиссиялардың жаңа құрамын 5 жылға сайлады. Соның нәтижесінде комиссиялар құрамы 62,7 пайызға айтарлықтай жаңарды.

Комиссиялардың  жаңа құрамы биылғы жылдың 3 қаңтарынан бастап тұрақты қызметіне кірісті.  Қазіргі облыстық аумақтық комиссия құрамын 6 партия және 1 қоғамдық бірлестіктің ұсынысына сәйкес облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан сайлаған болатын. Бұрынғы құрамның 3 мүшесі қайта сайланды, 4-уі комиссияға жаңадан келгенімен іс-тәжірибелері толыққан, өңір жұртшылығына таныс тұлғалар. Осы «жетілік» екі ауданның тізгінін ұстаған, соңғы қызметінде БҚО мәслихатының аппарат жетекшісі болған Әділ Жоламановты төрағалыққа сайлады.  Әділ Тауфикұлы - беделді де білікті азамат. Комиссияға жаңадан қосылған барлық әріптестерімнің сайлау жүйесіндегі өтілі қомақты. Ал 12 аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 6-ның төрағалары жаңадан сайланды.  Бұл өзгерістер жалпы алғанда сайлаушылармен, сайлау үрдісіне қатысатын тараптармен қарым-қатынасқа жаңа сипат берері сөзсіз.

ҚР Орталық cайлау комиссиясы бекіткен стратегияда жүйенің негізгі құндылықтары айқындалған: азамат, әділдік, демократия, сенім. Құндылықтардың реті де осылай, яғни әріптестерім үшін аталған ұғымдар жәй сөз болып қалмайды деп сенемін. Өйткені, мемлекеттің даму кепілі мен тұрғындардың қажеттілігі  заман талабына сәйкес жаңғырып отырады. Ата заң мен сайлау саласындағы конституциялық заңдағы сапалық өзгерістер соған үндейді.

БҚО-да сайлау комиссияларының саны 676, соның ішінде 14 аумақтық, 171 округтік, 491 учаскелік сайлау комиссиялары бар. Бұл комиссиялардың құрамында 4 мыңнан астам адам бар, олардың 46-ы өз міндетін тұрақты әрі кәсіби негізде атқарады. Облыстық АСК алдында тұрған қазіргі келелі міндеттердің бірі – жаңадан сайланған комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру. Кейбір аудандарда учаскелік комиссиялардың құрамы 70-75 пайызға дейін жаңарды. Өз міндетін кәсіби негізде атқаратын аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерімен бірге ОСК мүшелері де біліктілікті жетілдіру үрдісіне тегістей тартылуы тиіс. Облыстық комиссия оларды арнайы оқытудың іс-жоспарларын жасақтап, бұл жұмысты жүйелі және тыңғылықты жалғастыруда. Жаңадан сайланған аудандық және қалалық АСК мүшелері ҚР Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырған түрлі оқыту семинарларына қатысты. Тәжірибе алмасудың аймақаралық форматы да ойластырылды, ақтөбелік әріптестерге жолсапармен бардық. Жақында әріптестерім Ресей Федерация Президенті сайлауына халықаралық байқаушы мәртебесінде қатысып келді.

Ауыл және кент әкімдерін сайлау бойынша жұмыс қалай жүруде?

 - Қазақстанда ауылдық әкімдерді сайлау алғаш рет 2021 жылдың 25 шілдесінде өткізілгені мәлім. БҚО-да 151 ауылдық және кенттік округтер бар болса бүгінгі күнге дейін 113 ауылдық округте әкім сайлауы өтті.

Тек 2023 жылы өкілетті мерзімі аяқталған және түрлі жағдайлар бойынша қызметі ауысқан әкімдердің 37-і сайлауы ұйымдастырылды. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы барлық ауылдық округ әкімдерінің сайлауларына, әкімдердің қызметтен кету себептеріне ұдайы талдау жүргізіп отырады. Мысалы, өкілетті мерзіміне дейін қызметін «тапсырғандардың» 75 пайызы өз еркімен жұмыстан босаған, 25 пайызы жоғары лауазымға тағайындалған. Бір ауыл әкімі сайланғаннан кейін бар-жоғы 10 ай еңбек етіп, өз арызы бойынша босаған. Былтыр өткен 37 ауылдық округі әкімі лауазымына 139 үміткер ұсынылды. Олардың 85,6 пайызы өзін-өзі, 20 үміткерді саяси партия, яғни «Amanat» партиясы ұсынған. Жалпы бір орынға ұсыну көрсеткішіне келсек 3,8 адам. Ал, бір ауылдық округте бір орынға 7 адам ұсынылды. Жалпы былтырғы ауылдық округ әкімі сайлауларында комиссияларға да біраз жүк түсті. Сайлау процесіне 13 аумақтық, 107 учаскелік сайлау комиссиялары тартылды.

Биыл Жайық өңірінде 25 ауыл әкімінің өкілетті мерзімі аяқталады. Ақпан айында Жәнібек ауданы, Күйгенкөл ауылдық округі әкімінің, Тасқала ауданы Амангелді ауылдық округі әкімінің, Шыңғырлау ауданы Ардақ және Шыңғырлау ауылдық округі әкімдерінің сайлаулары өтті.

Ауыл әкімдерінің сайлауға халықтың белсенділігі қалай?

- Өткен жылы елімізде Конституциялық өзгерістерге сәйкес Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы, пилоттық негізде 3 аудан мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өткені белгілі. Басқаша айтқанда, сайлау үрдісі көп болды. Соған қарамастан ауыл әкімдерінің сайлауына келіп, өз таңдауын жасағандар 52 пайызды құрады. Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы үстемдік құрып, елдің өзін-өзі басқаруға ден қоя бастағанының куәсіміз. Демек, халықтың сайлауға келуі одан да көбірек болғанын қалаймыз.

Сонымен бірге сайлау күнгі дауыс беру барысын байқауға қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар мен кандидаттардың сенім білдірген адамдардың да ықыласы артқанын көріп отырмыз. 2023 жылы облыстық аумақтық сайлау комиссиясы Жарғылық қызметіне сайлауды байқау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға жататын 22 қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеді.

Былтырғы ауыл әкімдері сайлауларында бір учаскеде 3-4 байқаушы болды. Сайлау күні байқаушылардан арыз-шағым түспегені учаскелік комиссиялардың жұмысында ашықтық пен жариялылықтың берік орнағанын байқатады.

Ашығын айту керек, сайлаушылардың учаскелерге барып, дауыс беру белсенділігі жоғары болуы алдымен әкім лауазымына ұсынылғандардың тұлғалық қадыр-қасиетіне, көшбасшылық қабілеттеріне, сайлауалды бағдарламасына тікелей тәуелді.  Екіншіден, кандидаттың және олардың жақтастарының үгіт жұмыстарын жүргізу деңгейін де ескеру керек. Үшіншіден, саяси бәсекелестік ортаға  және сол елді мекендегі әлеуметтік-экономикалық сауалдардың шешімін табуына байланысты.

Облыстық сайлау комиссиясы заңға сәйкес кандидаттардың сайлауалды пікірсайыстарын ұйымдастыруды қолға алды. Пікірсайыс тұрғындардың таңдау жасауына, белсенділігінің артуына әсер етпей қоймайды. Оның да нәтижесін көріп отырмыз.

2023 жылдың саяси жаңалығы әрі жаңашылдықтың көрінісі ретінде 5 қарашада аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өткені белгілі. Сайлауда дауыс берген тұрғындар өздерінің жауапкершілігін сезінетін жағдайда деп айтуға бола ма?

 - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылу салтанатында елде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтетінін мәлімдеген еді. Аудандық деңгейдегі басшыны халық тікелей сайлайтындықтан бұл ауқымды науқан шын мәнісінде тарихи маңызға ие болды. Аталмыш саяси таңдау биліктің барлық институттарының жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастағанының шешуші кезеңіне айналды. Саяси үдеріс біржолата демократиялық сипат алып, ауылдық округ әкімдерінің сайлауларының ізін ала аудан әкімдерін пилоттық режимде сайлау азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырды. Алдымен пилоттық жобаға енетін аудандарды облыстық мәслихат депутаттары белгіледі.

2023 жылдың 5 қарашасында Бөкей Ордасы, Қаратөбе және Тасқала аудандарының тұрғындарының таңдауы нәтижесінде Нұрлыбек Даумов, Қадыржан Сүйеуғалиевтер орындарында қалды. Олардың қатарына Тасқала ауданы әкімінің орынбасары болған Талғат Шакиров қосылды.

Аталған сайлаулар елдегі терең саяси жаңғырудың, өміршең реформалардың бір қанаттас бөлігі. Сондықтан оның қорытындысын осы контексте қарастырған жөн болар. Бұл тек сайланған аудан әкіміне артылған жауапкершілік емес, өз кезегінде оларды сайлаған тұрғындардың да жауапкершілігі артады. Қазір сайланған аудан әкімдерінің қызметке кірісіп кеткеніне 5 ай-ақ болды. Әкімдердің өткізіп жатырған есепті кездесулерінде сайлауалды бағдарламалардың орындалуы да таразы басына түседі, тұрғындардан тиісті бағасын алады деп сенеміз.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.