«Еуропа халықтарына да ортақ болған»: Наурыз мерекесінің маңызы мен тарихы туралы шетелдіктердің пікірі

Автор: Аягөз Құрмаш

Жылдың басы, амал айы Наурыз биыл елімізде он күн тойланады

Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Наурыз мейрамы - Неолит кезеңінен келе жатқан ең көне мерекелердің бірі. Наурыз парсы, кавказ, түркі халықтары ғана емес, кезінде үндістандықтардың да арасында көктем мейрамы ретінде тойлаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қазақстанда Наурыз мейрамы кезеңінде халық 5 күн демалады. Биыл Наурыз мейрамын жаңа форматта мерекелеу бекітілді. Жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жарияланды. Наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймағына жіберілді. 

22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылмақ. 14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланды. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өтіп жатыр. Этнограф Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, көптеген халық, оның ішінде қазақ халқы XX ғасырдың басына дейін Ай күнтізбесімен өмір сүрген.

«Ай күнтізбесінде Наурыз жылдың басы, яғни алғашқы ай болып саналады. Арабтар Хамал айы дейді, біз Амал айы деп жүрміз. Сол Амал айының басы Наурыз мейрамына келеді. Яғни, 14 наурызға сай. Оны біз Күн мен Түннің теңелген уақыты деп айтамыз. Әрі қарай айлар жалғаса береді. Ай күнтізбесіне қарасақ, дәл солай көрсетілген. Григориан күнтізбесінде, Иса пайғамбердің діни бағыты бойынша жаңа жыл қаңтарда басталады. Ай күнтізбесі бойынша жылдың басы бізде ғана емес, арабтарда, ирандықтарда және Орталық Азия елдерінде де солай», - дейді Жамбыл Артықбаев.

Этнограф Қазақстанда Наурызды тойлаудың жаңа форматы енгізіліп жатқаны қуантарлық жағдай деп санайды.

«Бұл - жақсы үрдіс. Бұл туралы этнографияға қатысы бар адамдар біраздан бері айтып, жазып жүр. Мен өзім де Наурызға қатысты бұл мәселелерді 10-20 жыл бұрын көтерген едім. Ертеде 14 наурыздан бастап, яғни 8 күн 22 наурызға дейін тойланатын. 9 күнді той тарқар деп атайды, бұлаққа, құдыққа қант себеді де тәтті суды ішіп, «алдымыздағы жыл тәтті болсын» деп ниет етеді. Осыған ақырындап қайта келуіміз керек. Мектеп оқушыларының демалысын да 14 наурыз бен 23 наурыз аралығында ұйымдастыру керек. Нағыз Наурыз мейрамы болар еді. Осылайша, біртіндеп Наурызды халықтық тойлау қалыптасады. Мектептегі көктемгі демалысты осылай ұйымдастырсақ, қалыптасады», - дейді ғалым.

Этнограф маман 22 наурыз бен 14 наурыздың орындарының алмасуы жайлы айтып берді.

«22 наурыз мерекесі дейміз, алайда күн мен түннің теңелетін уақыты - 14 наурыз. Ай күнтізбесі бойынша Күн 14 наурызда теңеледі. 14 мен 22 наурыздың ауысып кетуі Кеңес үкіметінің реформасына байланысты. Ленин кезінде 8 күнге уақыт ауыстырылды. Содан 14-нен 22-сіне ауысып кетті. Бірақ 22-сі де наурыздың ішіне кіреді», - дейді ол.

Оның айтуынша, Наурыз мейрамын бірқатар халық мерекелейді. Тек түркі халықтары ғана емес, парсытілдес елдің халықтары  да осы Наурызды кеңінен тойлайды. 

«Наурыз мейрамын тек түркі тілді халықтар ғана емес, иран тілдес халықтар да тойлайды. Себебі олардың тегі, тарихы біздің жермен байланысты. Еуропа халықтарына да осы мейрам ортақ болған. Бұл-өте көне мейрам. Неолит дәуірінен бастап келе жатыр. Біз рухани, тілдік жағынан түркі елдеріне жақынбыз. Тұран өркениеті, мәдениеті деген ұғымдар бар. Әрине, бұл ортақ мейрам жақындастырады. Жалпы Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан Әзербайжан елдері келісе отырып, Наурыздың ортақ бағдарламасын жасауға болады деп ойлаймын. Бұл да болашақта талқыланатын жұмыс», - деді Жамбыл Артықбаев.

Этнограф Наурыз көженің ерекшелігі жайлы да айтып өтті.

«Наурыз көжені қарапайым отбасылар әзірлеп, қыстан сақтанған. Наурыз көжені дайындауға көп дәм қосады. Қарапайым халық көрші-қолаң кіріп дәм татсын деп дайындап қояды. Негізінен Наурызда жағдайы бар адамдар әдейі семіртіп өгіз соятын. Соны таратып береді. Осы өгіз, бұқа сюдың өзі бұл мейрамның көне екенін білдіреді. Неолит заманынан келе жатқанын көрсетеді. Себебі біздің ата-бабаларымыздың қолға үйреткен алғашқы малы-сиыр. Жылқыны үйрету кейін келді. Сондықтан жағдайы келген адамдар елге сиырдың етін таратқан. Бұл ерекше мереке екенін көрсетеді. Ал жағдайы орташа және шағын адамдар наурыз көжені дайындай береді», - дейді ол.

Маманның айтуынша, Наурыз мейрамын тойлауға мемлекеттің де қосатын үлесі зор. Себебі халықты ұйымдастыратын жергілікті билік өкілдері тойдың ортасында ұйымдастыру қызметін қолға алып өздері жүруі тиіс.

«Ұлыстың ұлы күні дейтін себебіміз, ұлыс деген-мемлекет. Сол мемлекеттің ұлы күні дейді. Осындай мағынада қабылдап, мән беру керек. Әрине, қазір қоғам бұл мерекеге ерекше дайындалып жатыр. Тек Наурыз ғана емес, ұлттық киім кию, салт-дәстүрді ұстану да бар. Мектепке барсаңыз, төменгі сынып оқушылары ұлттық киіммен отыратын болды. Ұлыс дегеннен кейін оған мемлекет араласуы керек. Біздің Президенттен бастап парламентке дейін қолға алу керек. Сол кезде Ұлыстың ұлы күні болады. Кейде біздің Наурыз әкімді күту мерекесіне айналып кетеді. Ондай болмауы керек. Әкім елдің ортасында жүруі керек. Өзінің қалтасынан қаражат шығарып, жұртқа үлгі болуы керек. Сонда дәстүр нығаяды, күшейе түседі. Жалпы 30 жыл тәуелсіздік жылдарында қазақ есін жинап, өзінің салтын түгендейтін жағдайға жетіп қалды. Әкімдер де елмен бірге тойлауға тырысуы керек деп ойлаймын», - деп түйіндеді ол.

Жалпы Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған.Наурыз мейрамын түркі тілдес халықтар мен шетелдегі қандастар да мерекелейді. Мәселен, қытай қазағы Дина Наурыз мейрамын қазір тек үлкен буын ғана тойлатынын жеткізді.

«Бізде үлкендер өздері жиналып Наурызды мерекелейді. Ал Шыңжаңдағы қазақтар Наурызды әсемдеп, дүркіретіп тойлайды», - дейді ол.

Сондай-ақ Наурызды әзербайжандар, қырғыздар, түрікмендер, ауғандар, үндістер, макендониялықтар, ауғандар, өзбектер, түріктер де тойлайды. Әзербайжандық журналист Фидан Мамедованың айтуынша, оның елінде мерекенің басы наурыздың екінші сейсенбісінен басталады.

«Бұл мереке бізде бүкілхалықтық деңгейде аталып өтеді. Өте үлкен мән берілген. Көктемнің, жылдың басы ретінде биыл демалыс 27 наурызға дейін созылады. Жыл сайын мерекелеу іс-шаралары бір аптаға созылады», - дейді ол.

Өзбекстанда 13 күн бойы адам жасаған нәрселерді жыл бойы жасайтынына сенеді. Сондықтан, бір-бірінің қарыздарын кешіру, төс қағыстыру, тату-тәтті өмір сүрудеген ұғымдарға толықтай сенеді.

Наурызды қырғыздар «Нооруз» деп атайды. Егер бала мереке күні дүниеге келген болса, айдың атымен есім беріліп, егер қар жауса, жақсылықтың нышаны деп қабылдайды. Түрікменстанда халық арасында «Егер Наурыз бұлыңғыр болса, бұл ауа райы маусым айына дейін созылады, егер қар немесе жаңбыр жауса, жыл жемісті болады» деген түсінік бар.

Биыл республика бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өткізіледі. Елордадағы басты мереке 21 наурыз күні Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесінің аумағында өтеді. Аталған мереке аясында киіз үйлер құрылып, түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылмақ.