Бұл шара жыл соңына дейін жалғаспақ
Кеше Жапонияның билікшіл және оппозициялық партиялары жаңа корнавирустың таралуы салдарынан табысынан айрылған ел азаматтарына тілектес екенін білдіріп, халыққа құрмет ретінде екі палатаның да депутаттарының жалақысын 20%-ға қысқарту туралы келісім жасады.
Бұл шара жыл соңына дейін жалғасатын болды, деп хабарлайды Kyodo ақпараттық агенттігі.
«Партиялар арасындағы кеңестен кейін тиісті заң жобасы дереу парламентке бекітілуге жіберіледі», - делінген агенттік хабарламасында.
Екі палата депутаттарының әрқайсысы ай сайын 1 млн 294 мың иеннен (шамамен $12 мың) алады. Парламентарий жалақысын азайту арқылы үнемделген қаржы қауіпті індеттің таралуына байланысты түрлі шектеулер салдарынан табысынан айрылып отырған халыққа өтемақы ретінде төленбек.
Айта кетсек, Жапонияда мұндай шара 2011 жылы елдің солтүстік-шығысындағы Хонсю аралы цунамиден және «Фукусима-1» АЭС-де болған апаттан қатты зардап шеккен кезде де қолданылған еді.
Бүгінде Жапонияда 8,4 мың адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың ішінде Иокогама портында бір ай бойы карантинде тұрған америкалық Diamond Princess круиздік лайнерінде болған жолаушылар мен экипаж мүшелері де бар.
Елде қауіпті вирустан көз жұмғандар саны 158 адамға жетті.