Үшінші Ұлттық құрылтай Ел Президентінің қатысуымен ертең Атырауда өтеді
Екі жыл бұрын ұлт ұясы Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиыны өтті. Бұл басқосуда көтерілген маңызды бастаманың бірі - Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару ұсынысы. Президент бастамасымен бекітілген бұл атаулы күнді мұқым ел болып тойлап жүрміз.
Ал Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы киелі Түркістанда өткені баршаға белгілі. 2 күнге созылған жиында идеология, мәдениет саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, жиынға қатысқан адамдар өзекті ұсыныстарын жеткізді. Azattyq Ruhy тілшісі былтыр жазда өткен құрылтайда көтерілген мәселелердің орындалу нәтижелері туралы анықтап көрді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде ауқымды реформалар жүргізу үшін заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Нәтижесінде жұмыс тобы құрылып, көп ұзамай маңызды құжаттар қабылданды.
«Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызы өте зор. Бұрын біздің ата-бабаларымыз ұлттық құрылтайды елі, халқы үшін ең маңызды оқиғаның алдында жинаған еді. Осы ата-бабаларымыздың дәстүрін жалғастыру үшін ел Президенті Ұлттық құрылтайдың мәнін, мазмұнын қайта жандандыру, жаңғырту қажет деп айтты. Менің ойымша, бұл біздің, қазақстандықтардың, басын біріктіретін оқиға», - деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева.
Елдікті нығайтып, бірлікті бекемдеудің мемлекеттік деңгейдегі кеңесі саналады. Халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелер, тың ойлар ортаға салынады.
Фото: parlam.kz
Жалпыұлттық бірлікті нығайту, жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру, ұрпақ тәрбиесі, кадр саясаты, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту сынды өзекті жұмыстарды жетілдіруге, жүзеге асыруға бастау беретін бас қосу саналады.
«Құрылтай – бірегей құрылым. Әлемде аналогы жоқ. Ол атқарушы биліктен өзгеше. Билік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешумен айналысады десек, құрылтай – консультативті-кеңесші орган, алыс болашаққа қарап, реттеумен айналысатын құрылым. Жастар, білім, өнер, мәдериет - барлық бағыт қамтылды. Ашық дискуссия арқылы, секция жұмыстарының нәтижесінде көптеген маңызды шешімге қол жетті», - деді Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев.
Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында жаңа аудандарды қалпына келтіруге және құруға, өңірлік рәміздерді реттеуге, сондай-ақ «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейіне «ұлттық» мәртебе беруге, «Балалар кітапханасы» жобасына қатысты бастамалар жүзеге асырылды.
«Отандық әдебиет, кино, өнер саласына қатысты, мәдениет пен балалардың білім беру саласы жөнінде заңнаманы қарастырып отырмыз. Әлі де жұмыс топтары жүріп жатыр. Тек отандық қана емес, шетелдік арналарда да міндетті түрде мемлекеттік тілде шығарылатын бағдарламалар саны көбірек болуға тиісті. Бұл өте дұрыс бастама деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мақсатында бұл өзгерістің маңызы зор», - деді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.
Жастар, тәрбие, рухани даму және денсаулық. Бұл бағытта жасалған жұмыстың бірі – вейп айналымына тыйым салу нормасының қабылдануы. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау, Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы заң жобасын әзірлеу, Парламент Мәжілісінің вейптерді елімізге әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу туралы заң жобасын қабылдауы осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың аясына кіреді.
«Рухани салаға қолдау көрсету, әсіресе, жастарымыз үшін өте қажет. Біздің жастарымызға, бір жағынан, интернет, одан басқа әлеуметтік желілер қатты әсер етеді. Осы құбылыста әлеуметтік желі кері әсерін бермесін деп, біз өзіміздің ұлттық арналарымызда тәрбиелік мәні мол бағдарлама шығаруымыз керек. Бұдан басқа, бірінші және екінші құрылтайда өте өзекті тақырыптар талқыланды. Мысалы, қоғамда өршіп тұрған кәмелетке толмаған балаларға жасалатын зорлық-зомбылық, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату керек деп айтқан. Осыған байланысты біз, Мәжіліс депутаттары, арнайы заңнаманы әзірледік. Оған жалпы қылмыс үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған түзетулер енгіздік», - деді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.
Ал, үшінші құрылтайдың басты ерекшелігі, әдеттегідей, жазда емес, көктемде өтетіні. Сарапшылардың айтуынша, алдағы отырыс қазақстандықтарды толғандыратын ең өзекті мәселелерді талқылайды.
«Үшінші құрылтайдың Сарайшықта өтетіні маңызды.Түркістан сияқты рухани тұрғыда маңызы зор, көне қаланың бірі. Бұрын, мысалы, Ұлы Жібек жолы өткен шаһарлар қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін тарихи маңызы зор қалалар еді. Мәдениет пен әдебиет осы шаһарлар арқылы тарай бастаған. Бірінші құрылтай Ұлытауда болса, екінші отырыс Түркістанда өтті. Сарайшықта өтуіне байланысты бірнеше пікір айтуға болады. Елімізде тарихи маңызы зор Алматы, Ақтау, Семей, тағы басқа терең тарихы бар, ел тарихында ерекше орын алатын қалалар бар. Жалпы, ұлттық құрылтайдың ерекше мәні бар. Ол халықтың басын қосу, татулыққа шақыру, бірлік, толеранттылықты насихаттау. Көрші елдерде болып жатқан әр түрлі геосаяси оқиғаларды қарап отырсақ, Ұлттық құрылтайдың маңызын ерекше түсінуге болады. Өйткені, бірлік, татулық ұғымын өзгеше түсінеміз. Татулық болмаса, басқа салалар дамымайды. Сондықтан құрылтайға үлесімді қосу өзім үшін абырой, бақыт деп айтуға болады», - деді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.
Президент былтыр Түркістанда өткен кеңесте, «Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған», деп жиынның мән-мағынасын түсіндірді.
Үшінші жиында қоғамның бірлігін нығайтуға, тәртіп пен заңдылықтың сақталуына, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жаңа ұсыныстар талқыланады деп күтіледі.