«Ұлы дала жорығы»: марафон-бәйгешілер Петропавлдағы Абылай хан резиденциясына аттанады

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Марафон-бәйгенің жалпы қашықтығы 500 шақырымды құрайды

Фото: «JORYQ» ат спорты федерациясы

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өтетін «Ұлы Дала Жорығы» бірегей марафон-бәйгесі республикалық іріктеу кезеңінің басталар күні белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

«JORYQ» республикалық ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесті. Кездесу барысында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтетін марафон-бәйгенің ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

«Жиын барысында «Ұлы Дала Жорығы» республикалық іріктеу турының өтетін орны мен басталу күні белгіленді. Осылайша, марафон-бәйгенің басталу нүктесі ретінде Петропавл қаласындағы Абылай ханның мұражай кешені-резиденциясы анықталды. Жоба 12 мамырда басталып, 17 мамырда Астанада аяқталады. Бурабай курорттық аймағының, Ботай мен Бозоқ көне мекендерінің көрікті жерлерін басып өтетін марафон-бәйгенің жалпы қашықтығы 500 шақырымды құрайды»,- деп хабарлады «JORYQ» ат спорты федерациясының баспасөз қызметі.  

Үздік үштікке енген жеңімпаз командалар қыркүйек айына жоспарланған «Ұлы Дала Жорығы» халықаралық турына лицензияға ие болмақ. Қазіргі таңда аймақтық іріктеу турлары жүріп жатыр, олардың жеңімпаздары ұлттық іріктеу турына жолдама алады.

Республикалық іріктеу кезеңінде орнатылған ең үздік жетістіктер Қазақстанның рекордтар кітабына (KINES) енгізіледі. «Ұлы Дала Жорығы» – жылқы баласының ең мықты тұқымы анықталатын далалық лабораториясы.