Қарағандыда тәртіп сақшылары инсульт алып, есінен танып қалған жүргізушіні құтқарды

Автор: Azattyq Rýhy

Дәрігерлер қазіргі уақытта азаматтың денсаулығы бір қалыпты екенін айтты

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

8 наурыз күні қарағандылық патрульдік инспекторларға автокөліктердің бірі тоқтап, 19 -шы ықшам ауданның қиылысында төтенше жағдай болғанын жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Оқиға болған жерге келгенімізде қиылыста жол шетіндегі бордюрға  шығып кеткен көлікті көрдік. Машина от алып тұрды және ол бордюрға шығып кеткендіктен бір дөңгелегі айналып тұрды. Көліктің барлық есігі бұғатталып қалған екен. Мен көліктің алдыңғы жолаушы отыратын терезесін сындырып ішке кірдім. Әріптесім екеуіміз оны сыртқа шығардық. Жүргізушінің денесі құрысып, тілін жұтып қоятындай болып жатты. Біз оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, демала бастағанда қызметтік көлікке салып ауруханаға жеткіздік»,- деді полицей Ақжаркен Мұқажан.

Белгілі болғандай көлік жүргізуші инсульт алған. Оның өмірі өлім ауызында болған. Дәрігерлер қазіргі уақытта азаматтың денсаулығы бір қалыпты екенін айтты.