Мамандар аймаққа тағы бір арнаулы әлеуметтік орталық керек деп отыр
Атырауда соңғы бес жылда 18 жастан асқан психикалық ауытқуы бар науқастар күрт көбейіп кеткен. Тіпті аймақтағы арнаулы қызмет көрсету орталығына сыймай жатыр. Мамандардың айтуынша, кезегін күтіп жүріп, дүниеден өтіп кетіп жатқандар да бар. Бұл туралы Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Махамбет ауданының Сарайшық ауылында орналасқан 310 орындық 1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы науқасқа лық толы. Мұнан бөлек өңірде тағы 150 науқас кезек күтіп тұр. Олардың бәрі -18 жастан асқандар. Әсіресе, қарт ата-аналар ересек ұлдарын бағу қиын екенін айтып, жиі шағымданады дейді мамандар.
«80-нен асқан әжеміз келді. Қолында 45-тен асқан баласы бар психоневрологиялық аурумен ауыратын. Өте қиын жағдай. Себебі әр кезде ұру фактілері де тіркеліп жатады екен мамасын. Аурудың қозуы мықты болар», - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.
Психикалық ауруға шалдыққан адам санының көбеюінің бірінші себебі – ұят. Қоғамның, жақындарының табасынан қорыққан науқас емделудің орнына, оны жасырып әлек болады. Сөйтіп, қалай асқынғанын да білмей қалады.
«Көршілер, туыстар қалай қарайды, мектепте балалар қарайды, мұғалімдер қалай қарайды. Өзімізді алсақ , әріптестеріміз қалай қарайды деп ұяламыз. Дәрігерлерге бармаймыз. Бірінші молдаларға барады, емшілерге барады. Содан кейін ғана ауру күрделеніп, 2-3 стадияға барғанда дәрігерлерге барады», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас психиатры Сағат Алтынбеков.
Мамандар аймаққа тағы бір арнаулы әлеуметтік орталық керектігін айтып, 5 жыл бұрын дабыл қаққан. Жылыой ауданынан ғимарат белгіленіп, қайта жаңғырту жоспарланды. Алайда 4 жыл бойы мемлекеттік сараптамадан өтпей, құрылыс тек 2022 жылы басталды. 156 орындық ғимарат тағы бір мәселе туындамаса, сәуірде пайлалануға берілуі тиіс.
«Былтыр беруіміз керек еді. Тапсырыс беруші құрылыс басқармасы мен мердігер компания арасында құрылыс жұмыстарының себептерімен тұрып қалған болар енді. Соған байланысты биылға шегеріп отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталды. Алыс беріс актісі жүріп жатыр. Тезірек бітіріп қабылдап алсақ, бір мезетте сол азаматтарымызды сонда орналастыратын боламыз», - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.
Орталықта медициналық, психиологиялық, оңалту жұмыстарымен бірге , еңбек терапиясы қатар жүреді. Науқастар мамандардың көмегімен құс, жануарлар шаруашылығымен, өзге де жұмыстармен айналысады.