Әу баста ұшақты Қостанай әуежайында қабылдауы тиіс болған
Еуропада жүрген қазақстандықтар елге қайтарылмақ. 14 сәуірде Лондоннан шыққан ұшақ Петропавл халықаралық әуежайына қонбақ. Жолаушыларды қаланың орталығы саналатын «Қызылжар» қонақүйінде орналастыру жоспарланған, деп хабарайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бүгін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан шетелдіктер мінген екі бірдей әуе кемесі Лондонға жол тартты. Ал, ертең таңғы сағат 7.30-да кері қарай шығатын ұшақты Петропавл халықаралық әуежайы қарсы алуға әзірленуде.
«Air Astana» әуе компаниясы екі рейсті де үкіметтің келісімі бойынша орындайды. Петропавлға бір ұшақ қана келеді. Ертең Лондон уақытымен сағат 07.30-да ұшып шығып, жергілікті уақыт бойынша сағат 18.30-да Петропавлға келіп қонады», - деді «Air Astana» компаниясының баспасөз хатшысы Тілек Әбдірахимов.
Жолаушылардың Қазақстанның нақты қай облысы тұрғындары екені белгісіз. Олардан сараптама алынып, инфекция жұқтырғаны расталмаса, өз үйлеріне жіберілмек. Әкімдік жолаушылардың тасымалы қалай жүзеге асырылатынын әзірге хабарлаған жоқ. Лондоннан оралғандар өздерінің тұрғылықты жеріне кеткенімен, 2 апта бойы үй карантинінде отырады.
«Рейс кезінде барлық сақтық шаралары сақталады. Бортсеріктер қолғап және медициналық маска киіп қызмет көрсетеді және зарарсыздандыру құралдарын қолданады. Ал, бортта берілетін тамақ ұшаққа қапталған күйінде тиеледі. Бұл рейстерде жолаушы саны аз, сондықтан олар ұшақ ішінде бір-бірінен алшақ отырып, қашықтық сақтай алады. Сонымен қатар, ұшып келген жолаушылардың бәрі карантинге алынады. Ұшақ қонғаннан кейін жолаушыларды тексеру, карантинге алу шараларын дәрігерлер мен әуежай қызметкерлері атқарады», - деді Тілек Әбдірахимов.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Руслан Әлішевтің айтуынша, бастапқыда ұшақты Қостанай әуежайында қабылдау жоспарланған. Алайда, жуырда болған дауылдың кесірінен туындаған техникалық ақауға байланысты ұшақ Петропавл әуежауына келмек.
«Жолаушыларды қарсы алу шаралары бекітілген алгоритмге сәйкес жүргізіледі. Қажетті қондырғылар мен жұмыс күші жеткілікті. Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларының барлығы қатаң сақталады. Сонымен қатар әуежай, жүк салғыш пен ұшақ салоны зарарсыздандырылады. Ұшақтан түскен азаматтарды тасымалдау полицияның көмегімен арнайы бағыт бойынша жүзеге асырылады», - деді Руслан Әлішев.
Жолаушыларды Петропавл қаласындағы қонақүйлердің бірінде орнастыру жоспарланған. Әкімдік оның нақты қай қонақүй екенін ашып айтқан жоқ. Оны анықтау мақсатында облыс орталығындағы ең ірі мейманханаларға қоңырау шалдық. «Қызылжар» қонақүйінің қызметкерлері «меймандарды» қарсы алуға шұғыл дайындалып жатқанын жеткізді. Нысан директорымен тілдесу мүмкін болмады. Телефон шалғанымызда, кәсіпкер сөйлесе алмайтынын қызметкерлері арқылы жеткізді.
«Қызылжар» қонақүйі Петропавл қаласының қақ ортасында орналасқан. Онымен облыстық әкімдік, банк бөлімшесі, бірнеше көпқабатты тұрғын үй іргелес орналасқан.
«Қонақүй қоршауға алынып, нысанның ішіндегі қозғалыс та қатаң бақылауға алынады. Азаматтарға барлық жағдай жасалады. Оларды тегін тамақтандырамыз. Түрлі ақыл-кеңес беру жағы да қарастырылған. Жолаушылардың да, облыс тұрғындарының да қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз», - деді Әлішев.
Еске салайық, елімізде карантин басталғалы Қазақстанның 9 қаласы арнайы халықаралық рейс жасаған ұшақтарды қарсы алды. Петропавл бұл тізімді жалғаған 10-шы шахар болды.
Облыста төтенше жағдайға байланысты құрылған жедел штаб мәліметінше Лондоннан келетін жолаушылар Қазақстанда ең алдымен коронавирусқа жедел тест жасалмақ. Егер сараптаманың ешқайсысы оң нәтиже көрсетпесе, олар екі күннен кейін үйлеріне қайтарылады. Жұқпалы дертке шылдаққандар анықталып жатса, Петропавл қаласындағы инфекциялық ауруханаға жатқызылады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары алдын-ала дайындық жұмыстары жасалып жатқандығын жеткізді.
Жалпы осы күнге дейін Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусқа шалдыққан 26 адам тіркелді. Олардың басым көпшілігі Петропавл қаласының тұрғындары. Жұқпаға шалдыққандар арасында дәрігерлер дебар. Ал коронавирусқа шалдығудың соңғы фактісі Ақжар ауданында тіркелді. Сырқат Қызылжар өңіріне көктемгі егістік жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында келген Ақмола облысының тұрғыны. 19 жастағы жігіт Шоқан Уәлиханов атындағы және Ақжар аудандарында болып үлгерген. Қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы тексеріледі. Ақмола тұрғыны коронавирусқа шалдыққандар тізімінде Солтүстік Қазақстан облысында тіркелгенімен, тұрғылықты мекенжайы бойынша Көкшетау қаласына емделуге жіберілді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО