Дәрігердің қарауына кіре алмаған ер адам емхананың үстінен шағым жазған
Түркістан облысындағы емханалардың бірі жергілікті тұрғынға тегін медициналық көмек көрсетуден бас тартқан. Омбудсменнің баспасөз қызметінің мәліметінше, медициналық көмек ала алмай жүрген ер адам Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкіліне шағымданған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Арызданушының айтуынша, белгісіз себептермен оның заңмен белгіленген медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу құқығы шектелген. Яғни, емхана ұжымы ер адамға көмек көрсетуден бас тартқан.
Осы дерекке қатысты омбудсменнің өңірлік өкілі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалына ұсыныс жолдаған. Нәтижесінде ережені бұзғаны үшін медициналық ұйымға 160 мың теңгеден астам айыппұл салынып, жергілікті тұрғынның құқығы қорғалды.