Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік барлық қажетті ережелерді сақтауға тиіс тұрғындардың өздеріне де байланысты
Алматыда құтқарушылар көпқабатты үйлердегі тұрғындарға үгіт-насихат жүмыстарын жүргізді. Профилактикалық іс-шараның мақсаты – халықтың экстремалды жағдайларда іс-әрекетке дайындық деңгейін арттыру, сондай-ақ жер сілкінісі кезіндегі бірінші кезектегі іс-әрекеттер туралы ақпарат беру үшін азаматтарды барынша қамту, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қалада азаматтық қорғау қызметкерлерінің көбеюіне байланысты кейбір тұрғындар тарапынан алаңдаушылық туындады: ПИК, МИҰ ватсап чаттарында, табиғи апатпен байланысты сұрақтар түсе бастады. Алайда, құтқарушылар «алаңдауға негіз жоқ, көп қабатты үйлерді аралау - алдын алу жұмыстарының күшейтілуі» деп түсіндіреді.
Мамандардың айтуынша, көпқабатты үйлердегі қауіпсіздік тек мемлекеттік органдарға ғана емес, барлық қажетті ережелерді сақтауға тиіс тұрғындардың өздеріне де байланысты.
«Халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдайлар министрі өкімімен ТЖМ жедел тобы мегаполис тұрғындары арасында ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын бастады», - делінген хабарламада.