Әлем елдерінің БАҚ өкілдері Бейжіңде жиналып жатыр
Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің бағдарламасы аясында Қытай халықаралық баспасөз орталығының тағылымдамасы басталды. Оның аясында Azattyq Ruhy тілшісі Бейжіңнен 4 ай тұрақты түрде ақпарат таратады.
Қытайдың қоғамдық дипломатия қауымдастығы (CPDA) бастаған CIPCC бағдарламасы Қытайдың медиа ұйымдары мен дамушы елдердің БАҚ-ы арасындағы практикалық ынтымақтастыққа және шетелдік журналистерге Қытай туралы жан-жақты және терең түсінік алуға арналған алаң.
«Астана - Бейжің» бағыты. Air China - Қытайдағы ең ірі тасымалдаушы операторлардың бірі. Әуе компаниясы жылына 102 млн адамды тасымалдайды. Елордадан Қытай астанасына тікелей ұшатын бағыт 5 сағатты қамтиды. Бұл жолы біз Сиань қаласына техникалық аялдаманы қосқанда Бейжіңге 9 сағатта ұшып бардық.
Сиань. ҚХР-дың Шэньси провинциясының орталығы. Қала өте көне, іргетасы осыдан 3100 жыл бұрын соғылған. 12 млн түрғыны бар. Әуежай 5 мың шаршы метр көлемді жастанып жатыр. Осы қаланың әуежайында 2 сағат кідірдік. Қазақстаннан келген жолаушылар кедендік тексерісті де осы жерден өтті. Қазақстаннан Қытайға келген жолаушының басым бөлігі - саудагер мен кәсіпкерлер.
Қытайда сауда жасауды мақсат еткен кәсіпкерлердің бірі - Анар Жандосова Қарағанды қаласында сөмке сататын екі дүкені барын айтады.
«Қытайға пандемиядан кейін алғаш рет бара жатырмын. Қазір айтарлықтай барлығы ашық, қолжетімді бола бастады. Мен тіпті Қазақстанда отырып та тауар ала аламын. Алайда тұтынушының нақты қажеттілігін білу үшін өзім қытайлық шоурумдарды аралап, сапалы сөмкелерді сатып алу үшін келдім. Сауда-саттық саласында 25 жылдан бері еңбектеніп келемін. Қытайлық саудагерлермен де серіктес болғаныма біраз жыл болды. Қазір тауарды арқаланып өзің де тасымайсың. Арнайы жеткізуші агенттіктер сен көрсеткен мекенжайға дейін жеткізіп тастайды. Бейжіңді таңдаған себебім – фабрикалық сапалы заттарды қолжетімді бағамен алу», - деді ол.
Еске салсақ, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2023 жылғы қаңтар-тамыздың өзінде 19,0 млрд долларды құраған.Қазақстанның шекаралас төрт облысы мен Шыңжаң өлкесі арасында тығыз байланыс орнаған. Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жалпы көлемі бойынша Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының үлесі 40 пайыздан асады. Бұл ретте еліміздің Шыңжаңмен тауар айналымы былтырғы жартыжылдықта 87 пайызға өсіп, 8,5 миллиард долларды құраған.
Бейжің. Қытайдың ірі екі халықаралық әуежайының бірі Шоуду әуежайына да жеттік. Алып әуежай 3 терминалдан тұрады. 1958 жылы ашылған әуежайдың сыртқы сұлбасы айдаһарға ұқсайды. Кейін қалаға жол тарттық.
Бейжің Қытай тілінен аударылғанда «солтүстік астана» дегенді білдіреді. Ақпан айының соңында ҚХР астанасынан көктемнің лебі сезілсе де, дала қара суық. Қалада 20 млн-нан астам халық тұрады. Алайда сәтті инфрақұрылым мен иірімді айналма жолдардың тиімділігі қаладағы кептелістің жоқтығы байқатып тұрғандай. Зәулім ғимараттар мен қаланың тап-тұйнақтай жиналған тазалығы да адамның назарын аудармай қоймайды.
Ерекше тәртіптің нәтижесі менмұндалап тұр. Жолдардың бағыт-бағдары, дүкендер мен мейрамханалардың атауы тек қытай тілінде көрсетілгенін де атап өткен жөн. Ұлттық идентификацияның мығым екенін осыдан ғана білуге болатын шығар. Бейжіңдегі Чаоян дипломатиялық қалашығында CIPCC бағдарламасы бойынша әлемнің әр түкпірінен келген 100-ге жуық БАҚ өкілі орналасып жатыр. Алдағы уақытта журналистер Синьхуа сынды Қытайдың алып ақпарат агенттіктерінен тәжірибеден өтеді.
Биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм нығая түспек. Оған екі ел арасындағы визасыз режимнің іске қосылуы мен 2024 жылдың Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы жариялануы ерекше әсер етуде.
Еске салсақ, былтыр Қытай телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан Президенті жаңа дәуірдегі қазақ-қытай ынтымақтастығының көкжиегін белгіледі.
«Бұл дегеніміз – біз екі мемлекет арасында мәңгі достықты, стратегиялық серіктестікті ілгерілетуге тиіспіз деген сөз. Меніңше, бұл қазақ халқының ұзақ мерзімді мүдделеріне сәйкес келеді. Сондықтан мен осы саясатты берік ұстанамын. Іргедегі көршіміз Қытаймен стратегиялық серіктестіктің маңыздылығына еш күмәніміз жоқ», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, мәңгі достық қағидатын жүзеге асыруда екі елдің партиялары да белсенді болып отыр. Жақында «AMANAT» партиясы Қытай Коммунистік партиясымен өзара ынтымақтастық жайлы келісті. Тараптар партияаралық диалогты нығайтуға уағдаласып, екіжақты және халықаралық маңызды мәселелер бойынша пікір алмасқан болатын. «AMANAT» партиясы мен ҚКП ОК жанындағы партия мектебінің өкілдері партияаралық кездесулерді тұрақты түрде өткізу қажет екенін алға тартқан еді.