«Бір отаның құны 9 млн теңге»: Алматыда былтыр 95 адам ағзасын ауыстырған

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

МӘМС арқылы 134 мыңнан астам операция жасалды

Фото: Әсет Құндақбаев

Былтыр Алматыда жүзге жуық адам ағзасын тегін ауыстырған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жалпы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен көрсетілген қызметтерге 140 млрд теңге жұмсалды. Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың сөзінше, жыл сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология және тағы басқа профильдер бойынша мыңдаған операция жасалып жатыр.

Мұндай операциялар күрделілігіне байланысты күнделікті қала емханалары мен мен ғылыми орталықтары деңгейінде де орындалуы мүмкін.

«2023 жылы МӘМС арқылы 134 мыңнан астам операция жасалып, оған 78 млрд теңге төленген. Оның ішінде жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операциялар мен манипуляцияларға Қор 21,7 млрд теңге бөлді. Сақтандырылмаған азаматтар осындай операцияларды жасататын болса қалтасынан бірнеше миллион төлеген болар еді», - деп атап өтті Тілеухан Әбілдаев.

Спикердің сөзінше, былтыр 1841 кардиохирургиялық, 562 нейрохирургиялық және лор-профилі бойынша 250 операция жасалды.

«Соңғы кезде артроз, артрит сынды буын ауруларының көбеюіне байланысты тізе, жамбас буындарын алмастырушылар саны күрт артқаны белгілі. 2023 жылы алматылық травматологтар осындай 4 670 операция жасаған. Оған МСҚ 6,9 млрд теңге төледі», - деді филиал директоры.

Сонымен қатар, ағза алмастыру операциялары да МӘМС пакеті арқылы қаржыландырылады. Былтыр құны 565,6 млн теңгеден асатын 95 трансплантация жасалды.

«Мұндай бір ғана отаның өзі орта есеппен алғанда 7-9 млн теңге тұрады. Осы қызметтердің бәрін сақтандырылған азаматтар МӘМС арқылы қиындықсыз пайдаланып келеді. 2024 жылы оңтүстік астаналықтар медициналық көмекті 213 емдеу мекемесі арқылы ала алады, оның 122-сі – жеке меншік. Биыл қызмет көрсетушілер саны жаңа он клиникамен толықты, олардың дені бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелер, яғни емханалар мен стоматологиялық клиникалар. Олардың тізімімен Қордың fms.kz сайты арқылы танысуға болады», - деді Тілеухан Әбілдаев.