13 сәуірден бастап пациенттерді «Олимп» зертханалары қабылдай бастамақ
13 сәуірден бастап «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалары Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында коронавирусты анықтайтын тегін экспресс-тестілеуден өтуге болады. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлады.
Хабарламада қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, шұғыл тестті қалай тапсыру керек екені жөнінде айтылған.
1. Тест тапсыру үшін пациент www.cdl.kz сайтында сауалнама толтыруы керек;
2. Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологтары адамдардың эпидемиологиялық көрсеткіштері негізінде іріктейді;
3. Бекітілген тізімдер «Олимп» КДЗ-ға жіберіледі;
4. Бекітілген тізімдегі пациентке байланыс орталығының операторы хабарласып, қай жерге, қай уақытта келуі керектігін айтып, келушілерге қойылатын талаптар мен анализ тапсыру ережелерін түсіндіреді;
5. Оператор нұсқаған процедуралық кабинетке маска киіп, жеке куәлікті алып, кешікпей келу керек;
6. Кезекте тұрған адамдар бір-бірінен 1,5-2 метр қашықтықта болуы тиіс;
7. Процедуралық кабинетте тіркеледі, кейін коронавирусқа экспресс-тест алынады;
8. Анализ қорытындысы сауалнамада көрсетілген поштаға жолданады;
«Ескеретін аса маңызды жайт: пациенттің температурасы байланыссыз өлшеу құралымен жүргізіледі. Қызуы көтеріліп тұрған адамнан анализ алынбайды. Өздігімен процедуралық кабинетке, оператормен сөйлеспей келуге болмайды. Бұл шаралар келушілердің де, қызметкерлердің де денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған», - делінген хабарламада.