Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында кинотеатрлар мен мейрамханалар қазір ашылмайды

Автор: Azattyq Rýhy

Қызметін қайта қолға алуға рұқсат берілетін кәсіпкерлерге карантин тәртібін сақтауға тура келеді

Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы ТЖ кезінде жұмысын жалғастыра алатын кәсіпорындарды анықтайды. Штабтың хабарлауынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыда кинотеатрлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, клубтар, мейрамханалар мен кафелер әзір ашылмайды.

«Бүгін жұмысты қайта бастауға рұқсат берілетін кәсіпорындардың тізімін бекіту үшін Мемлекеттік комиссия отырысы өтеді. Қызметін қайта қолға алуға рұқсат берілетін Нұр-Сұлтан мен Алматының кәсіпкерлеріне карантин тәртібін сақтауға тура келеді. Қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігі үшін олар санитарлық-эпидемиологиялық режим талаптарына қатаң бағынуы қажет. Сонымен қатар, кинотеатрлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, клубтар, мейрамханалар мен кафелер әзір ашылмайды», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда төтенше жағдай 30 сәуірге дейін жалғасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантин режимін сәуір айының соңына дейін созуды тапсырды.