Covid-19 жайлы сұрақтарға жауап беретін Call-орталық мамандары қалай жұмыс істеп жатыр?

Автор: Azattyq Rýhy

Орталыққа карантин басталғалы 60 мыңға жуық қоңырау түскен

Төтенше жағдай режімінде коронавирусқа байланысты республика тұрғындарын мазалайтын сұрақтарға «Медициналық сақтандыру қорының 1406 бірыңғай байланыс орталығы» жауап беруде. Azattyq Ruhy тілшісі аталған орталық мамандарымен байланысып, карантин режімінде ел тұрғындарын  ең көп алаңдататын сұрақтар қандай, орталық операторларды жұмысқа қандай критерийлер бойынша қабылдайды,  ондағы мамандармен психолгтар жұмыс жасайды ма деген сауалдарға жауап алды.

1406 Саll -орталығында қазіргі  таңда неше оператор жұмыс істейді?

Медициналық сақтандыру қорының 1406 бірыңғай байланыс орталығы өткен жылы 1-қыркүйекте іске қосылған болатын. Орталық операторлары тәулік бойы, аптасына 7 күн жұмыс істейді. 24/7 бойынша жұмыс істейді. Жалпы штаттық кесте бойынша байланыс орталығында 2 тәлімгер мен 64 оператор еңбек етеді. Орталық негізінен, медициналық сақтандыру мәселелері, тегін медициналық көмек пакеті мен сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін қызметтерге қатысты сұрақтарға жауап береді. Бірақ елімізде карантин енгізілгелі бері коронавирус, карантин, қалалар мен облыстар аумағына кіріп-шығу тәртібіне, дәрі-дәрмек пен азық-түлік, әлеуметтік жәрдемақыға байланысты сауалдар көбейді. Сондықтан Қор операторларының санын аймақтық филиалдар қызметкерлері есебінен арттырды. Қазір 17 филиалдың әрқайсысында күн сайын 4 оператордан отырады. 

Операторлар карантин режімінде тәулігіне неше сағат жұмыс істеп жатыр?

– Жұмыс уақыты ҚР Еңбек кодексіне сай жүріп жатыр. Бір оператор күніне 6 сағат жұмыс істейді. Олар бірнеше ауысыммен еңбек етеді.  

Орталыққа тәулігіне неше адам қоңырау шалады?

– Статистикаға сүйенсек, өткен жылдың наурыз айынан бастап, биылғы наурызға дейін орталыққа 120 мыңнан астам қоңырау түскен. Ал карантин режімі жарияланған бірінші сәуірден бастап 60 мыңға жуық қоңырау қабылданды. Жалпы алғанда байланыс орталығына тәулігіне 6-9 мыңға дейін қоңырау түседі.

Адамдардың коронавирусқа байланысты қоятын ең жиі сұрақтары қандай, қоңыраудың көбі қай өңірлерден түседі?

– Көбіне Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының тұрғындары көп қоңырау шалады. Үйлерінен шыға алмай отырған кісілер тарапынан «Тамақты, дәрі-дәрмекті қайдан аламыз? Зейнетақымызды алуға қалай барсақ болады?» деген сұрақтар жиі мазалайды. Қоңырау шалушылар коронавирусқа қатысты «Қазақстан аумағында неше адам коронавируспен ауырып жатыр? Коронавирустан қалай сақтануға болады, коронавирус пен тұмаудың арасында  қандай айырмашылық бар? Анализді немесе  COVID-19 анықтау үшін тестті қай жерде тапсыруға болады? Бұл инфекцияға қарсы вакцина бар ма, ол емделе ме?» деген сияқты сауалдарды жиі қояды.  Соңғы кездері қалаға кіріп-шығу тәртібі, әлеуметтік жәрдемақы жөнінде сауалдар көбейді. Қоңырау шалғандардың басым бөлігін осы мәселелер мазалайтыны жасырын емес. Одан бөлек, азық-түлік жағынан көмек алғысы келетін қарттар мен жалғызбасты қараусыз қалған кісілер тарапынан соғылатын қоңыраулар өте көп. Жас түлектер тарапынан «Биыл мектепте қоштасу кеші бола ма? Ұлттық бірыңғай тест тапсырамыз ба?» деген сұрақ жиі қойылады.

Карантин режімінде операторлар кеңсеге келіп жұмыс істеп жатыр ма, сондай-ақ, операторлардың айлығы көбейді ме?

– Сұрағыңыз орынды. Жалпы операторлардың барлығы қазір үйлерінде, қашықтан жұмыс істеп отыр. Ал жалақыларына келер болсақ, бәрі де уақытылы төленіп жатыр. Сонымен қатар, карантин кезінде жұмыс істеген операторларға ақшалай сыйақы қарастырылған.

Менің  бір танысым «1406 орталығына хабарласқан едім, оператордың шаршап, жүйкесі сыр бергенін байқадым» дейді. Жалпы орталық операторларымен психолог мамандар жұмыс істей ме, жұмысқа оларды қабылдайтын кезде қандай критерийлерге баса мән бересіздер?

– Операторардың сауаттылық деңгейі мен жұмыс істеу жылдамдығы Қор үшін әрқашан да маңызды. Сол себепті жұмысқа жаңадан алынған қызметкерлерге арнайы дәріс беріледі. Олар «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңды», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі кодексін», жалпы, салалық құжаттарды бес саусағындай білуі шарт. Одан бөлек операторларға дәрігерлер, заңгерлер мен әдістемешілер сабақ береді. Сонымен қатар, этика, адамдармен сөйлесу, өзін-өзі ұстауды да үйретеді Жаңағы жүйкесі сыр берді деген сөзіңізге келер болсам, төтенше жағдайға байланысты орталыққа қоңырау шалатындардың саны күрт өсіп кетті. Күн сайын желіде отырып, адамдар тарапынан қойылатын түрлі сұрақтарға үздіксіз жауап беру оңай емес. Сіздің танысыңыз сондай бір сәтке түсіп қалған болар. Айта кететіні, біздің шұғыл байланыс желімізде білікті дәрігерлер еңбек етеді. Қажеттілік туындап жатса, олардың өздері де психолог ретінде азаматтарға психологиялық көмек көрсете алады.

Карантин басталғалы бері орталықта болған ең қызық оқиғаны айтып беріңізші.

–  Адамдардың білімі, ақпаратты сұрауы мен қабылдауы әртүрлі, сол сияқты бізге түсетін сауалдар да сан түрлі. Қазір еске түсіріп айтатын болсам, қызық көп. Соның бір-екеуін айтып берейік.  Бір күні орталыққа 5-6 жас шамасындағы бүлдіршін қоңырау шалып  «Коронавирустан қалай сақтануға болады, мен далаға шығып ойнай аламын ба?» деп сұрады. Оператор далаға тек ата-анасымен бірге, ары кетсе 30 минутқа шығуға болатынын айтқанда бүлдіршін жылап жіберді. Шамасы  үйде әбден іші пысып, далаға шығып ойнағысы келген.  Жуырда ай-күні жетіп, толғақ қысқан бір келіншек хабарласты. Өзі Алматы облысының тұрғыны екен.  Ауруханаға барар жолда блок-бекеттен өте алмай, бізге қоңырау шалған. Содан орталық операторының көмегімен ауруханаға жетіп, аман-есен сәбиін дүниеге әкеліп, біздің мамандарымызға ризашылығын білдіргені бар. Бізге тұрақты түрде хабарласатын Алматы қаласының Рәзия есімді тұрғыны бар. Коронавирусқа шалдыққан науқастардың санын білу үшін күніне  екі мәрте қоңырау шалады (күліп).   

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан