ChatGPT чат-ботының қазақ тіліндегі отандық прототипі жасалды

Автор: Azattyq Rýhy

ЕҰУ ғалымдары мемлекеттік тілдегі жасанды интеллект жүйесін 5 айдың ішінде әзірлеген

Фото: freepik.com

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Жасанды интеллект ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ChatGPT чат-ботының қазақ тіліндегі отандық аналогын жасап шығарды. Бұл жаңалықты университет профессоры Мұратбек Тоқтағазин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, сүйіншіледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бұл өзі ғылымдағы сенсация болайын деп тұр. Енді басқа тілге алаңдамай қазақша жасанды интеллект қолданатын боламыз, жақын уақытта. ЕҰУ ғалымдары ChatGPT-дің қазақ тіліндегі прототипін жасады.

Қазіргі таңда әлемдегі ғылым атаулы ай сайын емес, күн санап емес, сағат санап дүркірей дамып жатыр. Әсіресе жасанды интеллект ғаламторда пайда болғаннан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстарында қарқын артты. Қазір әрбір университет осы жарыс көшінен қалмауға тырысуда. Солардың көшін бастап тұрғандардың басында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де бар. Қазір айына бірнеше жаңалықтың куәсі болу қалыпты жағдайға айналды», - деп жазды Мұратбек Тоқтағазин.

ЕҰУ ғалымдары мемлекеттік тілдегі жасанды интеллект жүйесін 5 айдың ішінде әзірлеген.

«ChatGPT чат-ботының қазақстандық үлгісі үлкен көлемдегі деректерді талдай алады, сұрақтарға жауап береді, мәтіндер құра алады, сонымен қатар қазақ тілінің барлық морфологиялық және синтаксистік ережелерін біледі.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Жасанды интеллект» ғылыми-зерттеу институтының директоры Әлібек Барлыбаевтың сөзі ғылыми жұртшылықты дүр сілкіндірері анық.

«Біз қазақ тілінде бірінші ірі LLM тіл үлгісін жасадық. Жүйе нейрондық желі архитектурасы негізінде қазақ тіліндегі кез келген мәтінді түсінуге және өз біліміне сәйкес жауап беруге қабілетті. Біздің ChatGPT прототипіміз қазақ тілінің ережелерін түсінеді, әріптер мен буындар, сөздер мен сөйлемдер арасындағы барлық тізбектерді есте сақтайды, сонымен қатар синтаксистік және грамматикалық тұрғыдан дұрыс әрі пайдаланушының сұранысына сәйкес келетін дәрежеде жауап бере алады», - деп жазды профессор.

Оның айтуынша, ғалымдар жүйенің қазақ әдеби шығармаларын, нормативтік құжаттамалар мен ғылыми материалдарды дайындау бойынша тәжірибелер жүргізіп көрген. Олар жасанды интеллект моделін білім беру үрдісінде қолдануды ұсынбақ. Чат-боттың білімін қажетті ақпаратты нақтылау үшін пайдалануға болады.

«PhD докторы Әлібек Барлыбаевтың пайымдауынша, «Мектеп оқушылары емтиханға дайындалу кезінде тесттегі кейбір ақпаратты, мәселен, математика теңдеуі немесе химиядағы терминді түсінбеді делік. Өздері нақтылағысы келеді, бірақ олардың қасында мұғалім болмайды. Сондай кезде балалар жүйеге сұрақ қойып, өте тез және қысқа жауап алады. Содан кейін олар қосымша сұрақтар қоя алады. Бұл технологияны жалпы білім беретін курстарды жиі оқитын бастапқы курстардың студенттері үшін де пайдалануға болады», - деді Мұратбек Тоқтағазин.

Ғалым болашақта бұл жоба әлем елдеріндегі қандастарымыз күн сайын дерлік қолданатын құралына айналатынына сенім білдірді.