Жазушы Сұлтан Раевтың әңгімелері түрік тілінде жарық көрді

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Жазушы әлеуметтік мәселелерді көтерген

Жазушы, ақын Сұлтан Раевтың шығармалары түрік тілінде жарық көрді. Ол шет тіліне аударылған «Пусу» әңгімесінде өткір әлеуметтік мәселені көтерген. Шығарманың сюжеттік құрылымы шаң жолмен қалаға қызын көруге барған ауыл әкесінің өміріне  негізделген.   

Сондай-ақ туындыда жалғыздық, заман дерті және әлеуметтік қысым арасында қалған әйел тағдыры баяндалады. Онда нәзік жандыларды қараңғылықта тұтқындаған қысым мен қоғам арасындағы байланыс бейнеленеді. Раев «Әйел неге жалғыз?» деген сұраққа жауап іздей отырып, әйелдің қоғамдағы рөлі мен дәл сол жалғыздыққа себеп болған ерлерді түгендейді. 

Раев  өз шығармаларында жалғызбасты әйелдердің басынан өткеретін психологиялық дилемманы асқан шеберлікпен көрсетеді. Оның әдебиетке келуі 1980 жылдардан басталады. Қырғыз ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң ұзақ жылдар баспасөз саласында қызмет етті. Алғашқы шығармаларын газет ісімен айналысқан кезде жариялады.

Сұлтан Раев бүгінде халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшылығы қызметінде. Жауапты қызметке тағайындалған соң да шығармашылығынан қол үзбей, эпикалық жанрдағы туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Ол қалың оқырман қауымға  «Жанжаза», «Топон» романдарымен танымал. Көркем әдебиеттен қарағанда Батыс әдебиетінің «сана ағыны» экспериментіне жақын бұл романдар басқа тілдерге аударылып, жоғары бағаға ие болып, ұлттық әдебиеттің өрісінің кеңейе түскенін байқатады.