БЖЗҚ қазақстандықтардың дербес дерегі таралғаны туралы мәліметті жоққа шығарды

Автор: Azattyq Rýhy

Қор деректің расталмағанын мәлімдеді

Фото: Depositphotos.com

«БЖЗҚ» АҚ GitHub сайтындағы құжаттарға белгісіз тұлғалар орналастырған қазақстандықтардың дербес деректерінің БЖЗҚ дерекқорынан шығуы туралы желіде таралған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні туралы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«БЖЗҚ қауіпсіздік қызметі GitHub сайтында орналастырылған деректерге егжей-тегжейлі талдау жүргізді. Нәтижесінде, жарияланған каталогта enpf.kz сайтының сипаттамасы ғана көрсетілгені анықталды. Бұл сайт ашық ақпарат көзі болып табылады және онда салымшылар мен алушылардың дербес деректері жоқ», - делінген БЖЗҚ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында БЖЗҚ киберқауіптерге қарсы тұру үшін заманауи жарақталған жүйені белсенді түрде қолданады.

«Бұл жүйе Қордың ақпараттық технологиялық (АТ) инфрақұрылымының сыртқы және ішкі периметрін аса белсенді қорғау әдістерін қамтиды. БЖЗҚ осы саладағы үздік әлемдік тәжірибелерді қолдана отырып, түрлі жағдайларға, ақпараттық қауіпсіздік қатерлері мен тәуекелдеріне уақытылы жауап беріп, қажетті шараларды қолдана алады», - делінген хабарлаада

БЖЗҚ нәтижелердің объективтілігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін, салымшыларға олардың құпия деректерін толық қорғауға кепілдік беретін және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы нормативтік талаптарды қатаң сақтайтын халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйелерінің халықаралық аудитінен үнемі өтіп тұрады.

Айта кетейік, бұған дейін интернетте қытайлық компания әзірлеген тыңшылық бағдарлама арқылы қазақстандықтардың жеке деректерінің тарағаны туралы ақпарат пайда болған еді. ЦДИАӨМ  Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге бұл жағдайды талдап жатқанын хабарлады.