Асхат Аймағамбетов ғылымды одан әрі дамыту үшін елеулі өзгерістер талап етілетінін айтты
Қазақстанда ғылым саласында 22 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Қазақстан ғылымы зор әлеуетке ие. Ғалымдардың еңбектері әлемнің жетекші ғылыми журналдарында жиі жарияланады. 2011 жылмен салыстырғанда «Scopus» деректер базасында қазақстандық ғалымдардың жарияланымдарының жалпы саны 34,5 есеге, «Web of Science» деректер базасында - 59 есеге өсті. Соңғы бес жыл ішінде отандық ғалымдардың әрбір бесінші жарияланымы әлемнің ғылыми журналдарының топ-25%-ына енді. Бұл ретте соңғы жылдары ғылыми жарияланымдар авторларының саны 3 есеге өсті», - деп жазды министр.
Асхат Аймағамбетов ғылымды одан әрі дамыту үшін елеулі өзгерістер, басқару жүйесі мен қаржыландыру тетіктерін жетілдіру талап етілетінін, осыған байланысты Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Үкіметке қаржыландыруды айтарлықтай ұлғайтуды тапсырғанын атап өтті. Министрдің айтуынша, бұл ретте жүйені сапалы өзгерту бойынша түбегейлі шаралар қабылданып жатыр.
«Біріншіден, биыл алғаш рет ғылыми-зерттеу институттарының инфрақұрылымын жаңартуға қаражат бөлінді. Келесі жылы біз ғылыми ұйымдардың жабдықтары мен зертханаларын белсенді түрде жаңартамыз.
Екіншіден, ғылыми бағдарламаларды гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға арналған байқаулар енді үш жылда бір рет емес, жас ғалымдар арасындағы байқаулар секілді жыл сайын өткізіледі.
Үшіншіден, қаржыны бөлу бойынша ашықтықты арттыру бойынша жұмыс басталды. Өтінім сапасына талаптар да қатаңдайтын болады.
Төртіншіден, Министрлік жоғары оқу орындары мен академиялық ғылымның интеграциясын жандандырмақ. Біз конкурстық негізде «академиялық басымдылық орталықтары» құрылатын үздік 10 оқу орнын іріктеуді шештік.
Бесіншіден, ғылымды қаржыландыру көлемі 2020-2022 жылдарға екі есе ұлғайды. 2025 жылға қарай ол жалпы ішкі өнімнің 1% құрайды», - деп жазды министр.
Оның айтуынша, министрлік ғалымдарға әлемдік ғылыми орталықтарында зерттеу тағылымдамасынан өту үшін арнайы гранттар бөлуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде тіл білімі, тарих, философия, әдебиет және т.б. салада іргелі зерттеулермен айналысатын ірі институттардың ғылыми жобаларын тұрақты қаржыландыруға көшіру жұмыстары жүргізілуде. Олар гранттар алуға тәуелді болмай, тұрақты зерттеулер жүргізуі тиіс. Сонымен қатар дәстүрлі гранттардан басқа гранттардың жаңа түрлері енгізілуде: шағын, жедел гранттар мен ұжымға арналған гранттар.
Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру нақты ғылыми-техникалық міндеттерді шешу үшін ғана бөлінеді.
«ҰҒК қызметінің ашықтығы артады. Егер бұрын қаржыландыру туралы шешімдер жасырын дауыс беру арқылы қабылданса, енді ашық дауыс беру және ұпай қою арқылы жүзеге асады, отырыстардың онлайн трансляциясы қамтамасыз етілді. Бірақ бұл жеткілікті емес екенін көріп отырмыз, сондықтан бұл салада әрі қарай да жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ ғылымды цифрландыру және ғалымдар үшін есеп беруді қысқарту бойынша шаралар қабылдануда. Қаржыландыруды алу үшін өтінім беру, аралық және қорытынды есептерді тапсыру толығымен сандық форматқа ауыстырылады. Қазақстан ғылымын басқарудың бірыңғай жүйесі (ҚҒББЖ), ғалымдар базасы ғылыми дәйексөздеудің қазақстандық индексі әзірленуде. Әрбір қазақстандық ғалым ҚҒББЖ-дағы жарияланым тізімі, Хирша индексі, іске асырылып жатқан жобалар және т.б. мәліметтер көрсетілген профайлға ие болады», - деді министр.
Оның айтуынша, гранттың немесе бағдарламаның мақсатын, қаржыландыру көлемін, нәтижелерін, бастапқы өтінім мен есептерге өзгерістер енгізудің барлық кезеңдерін көрсете отырып, мемлекет қаржыландырған барлық жобалардың ашық базасы да әзірленеді.
Осылайша, ғылымға бөлінетін барлық қаражаттың ашықтығын қамтамасыз ету көзделуде. Бұдан басқа, аталмыш базалар тиімді басқару шешімдерін қабылдау үшін қазақстандық ғылымның даму жағдайы, үрдістері мен проблемалары туралы объективті ақпарат жинауға мүмкіндік береді.