Табыстың 30 пайызы коммуналдық қызметке төленеді – депутат
Мәжіліс депутаты тұрғын үй көмегін тағайындау ережелерін сынға алды
Ел тұрғындарының басым бөлігі коммуналдық қызмет ақысын төлеуге көп қаражат жұмсаймыз деп шағынданған. Бұл, әсіресе, жылу кезеңінде өткір сезіледі. Табысы орташадан төмен азаматтар, атап айқанда, халықтың әлеуметтік осал тобына жататын аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер, мүгедектер, бұл ретте, қиналып, көмек сұрап отыр. Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының өкілі Құдайберген Бексұлтанов азаматтар шағымын оқыды.
«Зейнеткердің хатын оқып берейін. «Мен зейнеткермін. 1 бөлмелі пәтерде тұрамын. Ол үшін 15 мың теңге сомасында коммуналдық қызмет үшін түбіртек келеді. Мен 56 мың теңге мөлшерінде ең төменгі зейнетақы аламын. Қарапайым арифметика бойынша мен табысымның 30 пайызын коммуналдық қызметке төлеймін. Енді қалған 40 мың теңгеге қалай өмір сүруге болады? Дәріге жеткізейін бе, әлде, бағасы аспандап тұрған азық-түлікке ме? Құрметпен, Генадий Александрович». Міне, уақытында әлеуметтік қолдау көрсетілмейтін аймақтардағы нақты жағдай осындай», - деді депутат.
Азаматтардың бұл санаты коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін жүйелі негізде мемлекеттен «тұрғын үй көмегін» алады. Алайда, тұрғын үй көмегін тағайындаудың жаңа қағидаларының күшіне енуіне байланысты Министрлік аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету тәртібін өзгертті. Оның салдары мынадай:
«Жаңа ережелерге сай төлем алушы өткен тоқсанда тұрғын үй көмегін тағайындау үшін шотын ұсынады. Яғни отбасы алдымен шығынды өтеуі тиіс, содан кейін ғана тұрғын үй көмегін әр тоқсанда өтініш берушінің шотын көрсету арқылы ала алады. Салдарынан тұрғын үй көмегін алушылар коммуналдық қызметті уақтылы төлей алмайды, өсімпұл төлеуге міндеттеледі», - деді депутат.
Құдайберген Бексұлтановтың айтуынша, бір ғана Қарағандының өзінде мұндай төлемді алушылардың саны бірнеше мыңды құрайды.
«Осы ережені дайындаған шенеунік не ойлағаны мен үшін түсініксіз. Тұрғын үй жәрдемақыларын алушылардың негізгі санаты – зейнеткерлер. Олардың «қызметті уақтылы төлей алмаймын» деп алаңдайтын егде жастағы адамдар екенін ескеру қажет еді», - деді ол.
Сонымен қатар, депутат бұл көмекті алар кезде мынадай қиындықтар барын айтты:
- көмектің осы түрін тағайындауға өтініш берген кезде тетік күрделене түседі, салдарынан бас тартуға не қайта өтініш беруге тура келеді;
- мысалы, егер отбасында екі зейнеткер болса, тағайындауға өтініш берген кезде отбасының басқа мүшесі ЭЦҚ көмегімен өтінішке келісуге тиіс. Бұл талап артық;
- тұрғын үй көмегін тағайындау жөніндегі уәкілетті орган үшін қажеттілікті, есептерді қалыптастыру көзделмеген және төлеу үшін функция жоқ.
Депутат қолданыстағы ережелерге тұрғын үй көмегін тағайындау және ұсыну мерзімдерін түзету бөлігінде бұрын «мөлшері мен тәртібін жергілікті өкілді органдар айқындаған» өзгерістер енгізу және аталған мәселелер шешілгенге дейін Министрліктің осы бұйрығын уақытша тоқтата тұруды ұсынды.