«Қатты сынамайтын шығарсыздар»: Мәди Тәкиев Мәжілістен кетті

Оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды

«Қатты сынамайтын шығарсыздар»: Мәди Тәкиев Мәжілістен кетті
Фото: primeminister.kz

Мәжілістің жалпы отырысында Мәди Тәкиевтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов депутат басқа қызметке тағайындалуына байланысты қызметінен кетуге өз еркімен өтініш бергенін айтты.

«Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы Конституцияның 52-бабына «ҚР Парламенті және оның депутаттары мәртеққбесі туралы» Конституциялық заңның 24-бабы 3) және 8) тармақтарына сәйкес Парламент Мәжілісі депутаты Мәди Тәкиевтің өтініш беруіне байланысты оның өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр», - деді Шавхат Өтемісов.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутатқа Парламенттегі жұмысы үшін алғыс айтты.

Өз кезегінде Мәди Тәкиев бір жыл бойы еңбек еткен әріптестеріне алғыс айтты.

«Алысқа кетіп бара жатқан жоқпын. Осы трибунада жиі сөйлеймін. Қатты сынамайтын шығарсыздар деп ойлаймын. Баршаңызға рақмет», - деді Тәкиев.

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Мәди Тәкиев Қаржы министрі болып тағайындалды.

​​​​​​​Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ ​​​​​​​

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.