Табиғи азық-түлік өнімдерін шығарудың тиімді тізбегі жасақталады – Алтынсары Үмбеталиев

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, еңбектің өнімді болмауына әкеліп отыр 

Фото: Әсет Құндақбаев

Агроөнеркәсіпке бағытталған қаржы ұлғайса, ауылдарда жұмыс орындары құрылып, күнкөріс қамы үшін қалаларға бет алған көштің ағыны төмендейді. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиевтің пікірінше, бұл саланың тежелуіне қаржының жетіспеушілігі себеп.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңадан жасақталған Үкіметке агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану жөнінде нақты міндеттер жүктеді. «Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет», - деп атап көрсетті ол.

Мемлекет басшысы айқындап отырған міндет  - тұрмыс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты Түркістан облысы үшін де өте өзекті мәселе. Республика бойынша ең көп ауылдары бар өңір үшін күретамыр болып отырған сала – агроөнеркәсіпке бағытталған қаржының ұлғаюы. Қаржыландыру жақсарса, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып, табиғи азық-түлік өнімдерін шығарудың тиімді тізбегі жасақталмақ. Ауылдарда жұмыс орындары құрылып, берекелі тіршіліктің көзі ашылмақ. Күнкөріс қамымен қалаларға бағыт алған көштің ағыны төмендеп, аймақтардың теңгерімді дамуының өзегі түзіледі.

Алтынсары Үмбеталиев «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл тұрмысын түзеуді ниет еткен кешенді жұмыстың басы деп санайды.  

«Осы жоба шеңберінде Түркістан облысында бір жылдың ішінде 3256 жоба қаржыландырылып, жылыжай кешендері бой көтерді, техникалар паркі жаңартылды, ет-сүт қорын қалыптастыру шаруашылықтары құрылды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруда егін, мал шаруашылықтары қаржыландырылды. Құс және балық өсіру істері де жолға қойылды. Өндірістік кооперативтердің құрал-жабдықтарын жаңарту бастамасы қолға алынып, ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытуға негіз қаланды», - деді ол.

Өңірдегі су ресурстарының әлеуетін арттыру, аграрлық салада судың үнемді жұмсалуына қол жеткізу міндеттемелері «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының  Сайлауалды бағдарламасында белгілеген.

«Бұл бағыттағы жұмыстар мәслихаттардағы партиялық фракциялардың назарына алынып, партиялық ресурстар арқылы іске асырылуына қоғамдық бақылау жүргізіледі»,- деді «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев.