«180 отбасы күтіп отыр»: Қонаев әкімдігі жауапсыз құрылыс компанияны сотқа берді

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Мердігер компания басшылары қалада көптеген нысандарды салуға тапсырыс алған    

Фото: Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы облысының оралығы Қонаев қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар уақытылы пәтерлерін ала алмай келеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Қаланың 10-шы шағын ауданында құрылысы ұзаққа созылған 60 пәтерлі үш тұрғын үй бар. Көпқабатты үйлердің сыртқы және ішкі жұмыстары әлі аяқталмаған. Қаланың коммуналдық қызметі барлық инфрақұрылымды тартып қойса да, үй желілерге қосылмаған.

«Сіздер жұмысқа селқос қарамасаңыздар, жаңа жылда 180 отбасы баспаналы болар еді. Бекітілген мерзімнен 2 айға кешігіп жатсыздар. Құрылыс бөлімі олқылықтардың орнын толтыру бағытындағы 5 хат жолдаған, енді сіздердің компанияны жауапсыз деп тану үшін сотқа берді. Ең бастысы, үй кезегінде тұрғандар пәтер кілтін асыға күтіп отыр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар, мүгедектер және т.б. әлеуметтік осал топтағы жандар бар», - деді қала әкімі Нұрлан Құматаев.

 Үй құрылысынан бөлек, аулаларды абаттандыру да басталмаған. Шаһар басшысы мердігер компаниямен бірге тапсырыс беруші ТҮКШ мен құрылыс бөлімі де жауапқа тартылатынын айтты. Проблемаға айналған көпқабатты тұрғын үйлерді  «SHEBERBUILD» ЖШС салып жатыр.

«SHEBERBUILD» ЖШС Қонаевта құрылысы жүріп жатқан басқа нысандарда мердігер.  Олардың да жұмысы мерзімінен кеш қалған. Сондықтан әкімдік компанияны жауапсыз деп тану үшін сотқа жүгінбек», - деп хабарлады Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.