Шетелдік шоттардан шамамен триллион теңге қайтарылды – екі жылдағы есеп
Жүздеген жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектісі анықталды

Қазақстан шетелден заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша белсенді қадамдар жасап жатыр. Бұл – құқықтық мемлекетті нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін орасан зор маңызы бар Сыбайлас жемқорлыққа және қаржылық қылмыстарға қарсы күрес стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі. Соңғы екі жылда елге шамамен бір триллион теңге қайтарылды. Ол қалай жүзеге асты? Azattyq Rýhy материалынан оқыңыз.
2023 жылғы 12 шілдеде «заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы», «заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды.
Осыдан кейін, өткен жылдың 5 қазанында Президенттің Жарлығымен ҚР Бас прокуратурасының жанынан активтерді қайтару жөніндегі Комитет құрылды. Яғни, ол активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов активтерді қайтару жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін тиісті міндеттер мен функцияларды айқындай отырып, Комитет туралы ереже бекітілгенін атап өтті.
Сонымен қатар, Үкімет заңсыз сатып алынған активтерді қайтару мәселелері жөніндегі Комиссия құрды. Оның құрамына Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері кіреді.
«Комиссия жұмысының қабылданып жатқан шаралары мен нәтижелері туралы ақпарат коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау жөніндегі талаптарды ескере отырып, қоғамға тұрақты негізде жеткізіледі», - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет «қайтарылған активтерді басқару жөніндегі Компания» ЖШС атынан Басқарушы компания құрды. Компанияның міндеттеріне мемлекет атынан өзіне қайтарылған активтерді меншікке қабылдау, мемлекет кірісіне айналдырылған активтердің сақталуы мен мазмұнын қамтамасыз ету, активтерге билік ету, активтерді сатудан түскен қаражаттың арнаулы мемлекеттік қорға аударылуын қамтамасыз ету кіреді.
Сондай-ақ, қолма-қол ақшаны бақылау шоты түрінде Қор құрылды. Оған Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық жобаларына жұмсалатын қаражат түседі. Қор жыл сайын ақшалай қаражаттың жұмсалуы мен түсуі туралы ақпаратты жариялауға міндетті.
Бас прокуратура қазақстандықтарға өз активтерін заңсыз жолмен сатып алған олигополист-компанияларды қосатын тізілім (реестр) іске қосылғанын айтты. Алайда оған қолжетімділік шектелген.
«Қабылданған қорытынды бойынша, тізілімге «заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңда белгіленген өлшемдерге сәйкес келетін бірқатар олигополия субъектілерін қосу туралы шешім қабылданды. Инвестициялық, беделді, әлеуметтік-экономикалық тәуекелдер мен факторларды ескере отырып, комиссия тізілімнің мазмұнын таралуы шектеулі ақпаратқа жатқызады», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Бұл ретте Бас прокуратура активтерін қайтару жөніндегі Комитет олигархтарды олардың тізілімге енгізілгені туралы хабардар етуге тиіс.
Алайда, AMANAT партиясының депутаттары жауапты мемлекеттік органдар тарапынан жұмыс уақтылы орындалмай отырғанын айтты.
«Депутаттар осы заң жобасына бастамашылық жасады. Біз осы заң жобасын дайындау бойынша терең зерттеу жүргіздік. Барлық норма нақтыланды. Заңның бабында заңсыз сатып алынған және шығарылған активтерді қайтару мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу мақсатында активтерді қайтару жөніндегі Комиссия мен Комитет құрылатыны айтылған. Депутаттар жүргізген жұмыстарға қарамастан, аталмыш маңызды заң іске асырылып отырған жоқ», – деді Аманат партиясы фракциясының ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов.
Мемлекет басшысы қос стандарттардан бас тарту және «әділ қоғам» қағидаттарын нақты іске асыру қажеттігін атап өтті. Сондықтан активтерді қайтару жөніндегі өзекті заң, депутаттың пікірінше, қазірдің өзінде жұмыс істеуі тиіс және қоғамға өткізілетін іс-шаралардың нәтижелері бойынша ақпарат берілуге тиіс.
«Ең бастысы, еліміздің әлеуметтік-маңызды мәселелерін шешу үшін бюджетке қаражат түсуі тиіс. Осыған байланысты қоғамда әділ сұрақтар туындайды. «Ол қашан жұмыс істейді? Капиталды қайтаруды жүзеге асыруға кім жауапты? Сыбайлас жемқорлардың нақты фамилияларын қашан естиміз? Депутаттардың қайсысы комиссияға кіреді?» Біз парламенттік көпшілік фракция – AMANAT партиясы ретінде осы заңды дереу іске асыруды сұраймыз», - деді депутат.
Осы сауалдан кейін тізілімге енгізілген тұлғаларға кінәні мойындау және заңсыз сатып алынған активтерді өз еркімен қайтару туралы іс жүргізу келісімін жасау жоспарланғаны белгілі болды. Бұдан басқа, тізілімнің жекелеген субъектілері мен олардың үлестес тұлғаларының түсініксіз шыққан мүлкін мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру үшін талап-арыздар берілетін болады.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов екі жыл ішінде елге шамамен бір триллион теңге сомаға активтер қайтарылғанын хабарлады. Бүгінгі таңда жылжымалы және жылжымайтын мүліктің 344 объектісі, оның ішінде шетелде 131 объект анықталды. Құны 448 миллиард теңге болатын бағалы қағаздар туралы деректер алынды. 220 триллион теңгеге банктік транзакциялар, оның ішінде 1,4 триллион теңгеге күдікті операциялар зерттелуде.
Жалпы, заңсыз шығарылған активтерді шетелден қайтару - бұл мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және құқық қорғау органдарының бірлескен күш-жігерін талап ететін күрделі және көпсатылы процесс.