«Сатылып кеткен»: депутаттардың дабылынан кейін Арқалық әуежайы қайта жөнделетін болды

Автор: Сымбат Ғалымжан

Әуежайда тек ұшып - қону жолағы ғана қалған

фото: es.wikipedia

Арқалық әуежайы қалпына келтіріледі. Қостанай облысының әкімдігі мәселені назарға алды. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлімдеді. Әуежайды қайдатан қалпына келтіру және оған жұмсалатын қаражат жайлы Azattyq Rýhy тілшісі анықтап көрді.

Арқалық қаласындағы әуежайдың жұмысын жаңғырту үшін жергілікті бюджеттен 9,5 миллион теңге бөлінді. Бұл ақша ұшу-қону жолағын, перронды, әуежайды және әуежай инфрақұрылымын зерттеуге жұмсалмақ.

«Зерттеу нәтижесінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді, әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін жаңа техника мен арнайы техниканы сатып алуды қоса алғанда, әуежайдың инфрақұрылымын қалпына келтіру және жаңғырту жөніндегі іс-шараларды жүргізудің орындылығы айқындалды», - деді Әлихан Смайылов.

Бұл шешім ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Арқалық әуежайын қалпына келтіру қажеттігі туралы мәселені көтергеннен кейін шығарылды. Моноқала дамудың жаңа деңгейіне шығуы тиіс деп санайды депутаттар. 2023 жылдың желтоқсан айында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев алдағы екі-үш жылда Балқаш және Үржар әуежайларын жаңғырту жоспарланып отырғанын, сондай-ақ Қарқаралы мен Ұлытау, Зайсан және Катонқарағай аэродромдарын салу мәселесі пысықталып жатқанын хабарлаған еді. Жөндеу және құрылыс жұмыстарына барлығы 71 миллиард теңге бөлінді.

Мәжіліс депутаттары, оның ішінде AMANAT фракциясының өкілдері, министрліктің бұл бастамалары көлік логистикасының дамуына ғана емес, аталмыш өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізетінін айтты. Тұрғындар көптен бері көтеріп жүрген Арқалықта әуежай салу мәселесі де көтерілді. Бір кездері Арқалық Торғай облысының орталығы болған, үлкен әуе кемелерін қабылдай алатын әуежайы жұмыс істеген. Торғай облысы жабылғаннан кейін әуежай қараусыз қалып, жеке меншікке сатылып кеткен. Қазір қалада әуежай болғанының белгісі –  тек қалып кеткен ұшу-қону жолағы ғана.

«Бүгінгі таңда өңірлерге, оның ішінде моноқалаларды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ауданның көліктік қолжетімділігін жақсарту шағын және орта бизнестің жаңа субъектілерін ашуға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қызметіне инвестициялар тартуға оң әсерін тигізеді», - деді Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев.

Бұдан өзге Қостанай облысының Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелді аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру жоспарлануда. Өңірге Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шет елдерден инвесторларды тартуды көздейтін жоба үшін көлік қатынасының маңыздылығы артады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, аймаққа жылдам қолжетімділіктің болмауына байланысты Үкімет пен министрліктердің өкілдері оларға келмейді: министрлер кабинетінің басшысы соңғы рет Арқалықта 2013 жылы болған.

«Осыған байланысты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өңіраралық байланыстарды күшейту үшін Көлік министрлігіне Арқалық қаласындағы әуежайды қайта жаңарту мәселесін пысықтауды тапсыруды сұраймыз, содан кейін осы бағытта әуе қатынасы ашылады», – деп атап өтті AMANAT фракциясының депутаты.

Арқалық қаласының тұрғындары халықпен есеп беру кездесуінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтен жергілікті әуежайды жөндеуді және Арқалықтан Қостанай мен Астанаға әуе маршруттарын ұйымдастыруды сұрады. Ұсынысты тыңдаған өңір басшысы Архимед Мұхамбетов Қостанайдағы әуежайды қайта жаңартуға ақша бөлу жоспарланып отырғанын айтқан еді. 

Арқалық әуежайының аумағы 2020 жылы сатылымға шығарылғанын атап өткен жөн. Хабарландыру сайтында Арқалық әуежайы ғимараттары кешенінің құны іргелес аумақпен бірге бес гектар үшін 30 миллион теңгеге қойылды. Оны сатылымға шығару аудан тұрғындары арасында үлкен резонанс тудырды. Тұрғындар қараусыз қалған аумақ әлі де әуе қатынасы үшін қызмет ете алатынын айтты.

«Қазір Қазақстанда шағын авиация дамып келеді, менің ойымша, мұндай қызмет Арқалық қаласына да жетуі тиіс. Ол үшін инфрақұрылымды дайындау керек. Ғимарат жеке меншік иелеріне берілді», - деген еді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

AMANAT партиясы фракциясының Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің депутаттық сауалда бұл мәселені көтеруінің арқасында билік тұрғындардың тілегін естіді. Ал, 2024 жылғы 29 қаңтарда Брюссельде өткен Global Getaway көліктік инвестициялық форумында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстан 22 әуежайды еуропалық инвесторлардың басқаруымен жеке секторға беруге дайын екенін мәлімдеді.

«Біз Қазақстанның 22 әуежайын еуропалық инвесторлардың басқаруымен жеке секторға беруге дайынбыз. Азия мен Еуропа арасында транзиттік хаб болу үшін үлкен әлеует бар», - деді ол.

Министрдің айтуынша, Астана мен Алматы әуежайлары шетелдік компаниялардың басқаруында. Осылайша, Арқалық әуежайын қалпына келтіру – стратегиялық маңызды шешім ғана емес, Қазақстанның өңірлік инфрақұрылымын дамытудағы негізгі қадам. Бұл жоба туризмді ынталандыру және бизнесті дамыту арқылы экономикалық пайданы қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар медициналық және білім беру қызметтеріне қолжетімділікті жақсартады. Әуежайды қалпына келтіру азаматтық және әскери ұтқырлық үшін тиімді инфрақұрылымды қамтамасыз ете отырып, елдің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайтады. Бұл жоба экономикалық өсу мен әлеуметтік даму үшін жаңа перспективаларды ашып, Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызды қадам болмақ.