Вокзал құрылысының қашан басталатыны әлі анықталмаған
Алматы-3 теміржол вокзалы Алатау ауданының аумағында салынады. Жаңа вокзалдың жобасын 2027-ші жылға қарай аяқтау жоспарланған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Алматының егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын таныстыру барысында «Алматыгенплан» ҒЗИ бас директоры Асхат Сәдуов теміржол вокзалын салу жоспарымен бөлісті. Қазіргі уақыта әкімдік ҚТЖ-мен бірлесіп Алматы-3 жаңа теміржол вокзалының жобасын келісу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Жаңа вокзалдың сырт жақтан салынуы қаладағы көлік жүктемесін азайтады.
«Қаланың Жетісу және Түрксіб ауданындағы екі темір вокзалы барлық жолаушыларға ыңғайлы емес. Наурызбай, Бостандық, Әуезов аудандарының тұрғындары вокзалдарға бару үшін қаланың орталығымен ұзақ жүріп жетуге мәжбүр. Қысқаша айтып өтсем, қазіргі таңда Алматы-1 мен Алматы-2 вокзалы жұмыс істеп тұр. Ал үшінші вокзал бойынша ҚТЖ-мен келісім жасап жатырмыз, олар өздері платформа жасайды. Яғни, бекетті өздері салады. Нақты қай жылы екенін айта алмай тұрмыз. Ал қала әкімдігі вокзалдың айналасына алаң, көлік ауыстыратын орынды өз ақшасына салады», - деді Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев.
Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі, жобалау-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Ол кейінірек сараптамадан өтеді. Жалпы жұмыс шамамен үш жылға созылуы мүмкін. Құжаттарды дайындауға қала әкімдігінен 952 млн теңге бөлінген.
«Вокзал Алатау ауданында ҚТЖ магистральдық желісінде орналасқан. Жобадағы біздің басты міндетіміз - вокзал мен вокзал маңындағы алаңды қамтамасыз ету. Бұл жергілікті бюджеттің шығындары. Бізде техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Вокзал мен алаңның жобалары бойынша мерзімдер - 2026-2027 жылға дейін. Бұл ретте біз ҚТЖ салуы тиіс платформаға байланғанбыз. Олар қатар салынатын болады, сол кезде біз өз міндетімізді орындауға дайын боламыз», - деді Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмірин.