Нұржігітов су тапшылығын азайту үшін қандай бастамалар жүзеге асырылатынын айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

20 су қоймасын салу, 15 су қоймасын реконструкциялау көзделген

Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Үкімет отырысында Су ресурстар және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын азайту мақсатында 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасын реконструкциялау, 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды жаңғырту және гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау бойынша бірқатар шұғыл шаралар көзделеді. Жоспарланған тәсілдерді іске асыру суды тасымалдау кезінде өнімсіз шығындарды 50-ден 25 пайызға дейін азайту арқылы 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн гектарға дейін және қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға ұлғайтуға, сондай-ақ экономика салаларын кепілдендірілген сумен қамтамасыз ету үшін гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді», - деді Нұржігітов.

Министр атағандай, қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалану «ресурстарды басқарудан» «сұранысты басқаруға» көшуге мүмкіндік береді.

«Оның негізгі қағидаты – су қабылдау көлемін ұлғайтпай экономика салаларының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін пайдалану. Трансшекаралық өзендер арқылы ағынның азаю қаупін, сондай-ақ суару каналдарында үлкен шығындардың болуын ескере отырып, фермерлердің су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша бірлескен және кешенді жұмыстар жүргізу қажет. Мәселен, бүгінгі таңда суармалы жерлердің 1,9 млн гектарынан тек 16 пайызында (312,2 мың гектар) су үнемдеу технологиялары қолданылады. Бұл қазіргі жағдайда өте қолайсыз», - деді министр.

Оның айтуынша, фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығыстарды субсидиялау үлесін 50-ден 80 пайызға дейін ұлғайту бойынша жұмыстар басталды.

«Бұл ретте су үнемдеу технологияларын қолдану 2030 жылға қарай суармалы жерлердің ауқымын 1,3 млн гектарға дейін жеткізуге ықпал етеді. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауы бойынша бұл шара шамамен 2,1 текше шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрақты суаруда климаттың өзгеруіне байланысты суды тұтынудың үлестік нормаларының азайғаны байқалады. Бұл дақылдардың су тұтыну нормативтерінің ұлғаюына әсер етеді», - деді ол.