Ақтөбе облысында 79 ауыл әлі күнге дейін интернетке қосылмаған

Автор: Аманалина Тоғжан

Мамандардың айтуынша, адам саны жүзге жетпейтін елді мекендерге мобильді байланыс жеткізу жоспарда да жоқ

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Ақтөбе облысында 79 ауыл әлі күнге дейін интернетке қосылмаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Адам саны жүзге жетпейтін елді мекендерге мобильді байланыс жеткізу жоспарда да жоқ. Дегенмен, қазір жұмыс жүріп жатыр», дейді жауапты мамандар.

Биылдың өзінде 47 ауыл сапалы байланысқа қол жеткізеді. Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарында интернет сапасын арттыру көзделіп отыр. Облыс орталығына 5G стандартындағы 24 станция орнатылады. Ал Жаңақоныс-3, Жаңақоныс-4, Бекқұл баба, Шилісай, Белогор, Украинка, Ақшат, және Сарбаз елдімекендері 4G-мен қамтылады. Өңірдегі 429 мектептің 414-інде сапалы байланыс бар, деп жазады qazaqstan.tv.

«Біз 37 мектепті сапалы «Старлинг» байланысына қосамыз. Тапсырыс берілді. Алайда шағын ауылдарға мобильді байланыс апару қиын шаруа. Өйткені ол байланыс операторларына қымбатқа түседі. Яғни, тиімсіз», - дейді Облыстық цифрлық даму басқармасының басшысы Әсет Отарбаев.