Кәсіпкерлер өздеріне тағылған айыпты толық мойындамай сотқа шағымданып отыр
Қостанайда үш сауда орны тауар сыртындағы таңбаға қазақша мәлімет жазбағаны үшін айыппұл арқалады. Олардың үстінен қоғам белсенділері шағымданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.
Соның біріне салынған айыппұл 4 млн теңгеге жеткен. Бұл ірі супермаркеттің әкімшілігі мұндай ірі көлемдегі қаржыны төлеуден бас тартып, сотқа шағым берді. Бақылаушы орындар осы кәсіпорындардың техникалық регламент пен санитарлық талаптарды бұзғанын анықтапты. Алайда, кәсіпкерлер өздеріне тағылған айыпты толық мойындамай сотқа шағымданып отыр. Олар мемлекеттік тіл туралы заңды бұзғанға миллиондап айып салу тым ауыр жаза деп есептейді.
«Біздің ойымызша тауар таңбасында қазақша аударманың болмауы тұтынушылардың денсаулығы мен өміріне қатты қауіп төндірмейді. Сондықтан дәл осы жағдайда қатаң жаза қолдану жөнсіз. Енде дәл осы тұрғыда құқықтық-нормативтік актілерге өзгертулер енгізу қажет», - деді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Әзімхан Бәйімбетов.