«Шетелден келген қазақтар қиындық туғызды» – карантин орталығында жұмыс істеген ерікті

Автор: Azattyq Rýhy

23 жастағы волонтердың көргені

Azattyq Ruhy тілшісі Нұр-Сұлтандағы Ramada Plaza қонақүйінде карантинде уақытша жатқандармен жұмыс істейтін волонтермен сұхбаттасқан еді.

Ақ комбинезон, қалың маска, медициналық қолғап пен антисептік 23 жастағы астаналық ерікті Сейілхан Мұсабаевтың күнделікті киім-кешегіне айналған. Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің 4 курс студенті пандемия кезінде «ерке» баладан қалай еріктіге айналғанын айтып берді.

«Ағам дәрігер. 20 наурызда «Карантин орталықтары ашылады. Волонтер керек» деген СМС келді. Ол өзі жұмыста болғандықтан, бара алмады. Мен оған барғым келетінін айттым. Басында үйдегілер рұқсат бермеді. Бірақ елдегі жағдайды көріп отырғандықтан, көмек керек екенін түсінген соң, келісті. Хабарламада көрсетілген нөмір арқылы іріктеуден өттім. Мен укол салуды, тамырға система қоюды өзім үшін үйреніп алған едім. Іріктеу кезінде тәжірибем бары волонтер болуыма септігін тигізген болар», - дейді Сейілхан Мұсабаев.

Сейілхан өзімен бірге волонтер болуға әпкесі мен студент досын шақырған. Олар да 20 наурыздан бастап Ramada Рlaza қонақүйіндегі карантин орталығында жұмыс істеген.

«Біз ауысыммен жұмыс істейміз. Таңғы сағат 7:30-да келеміз. Бізге дейінгі ауысымда болғандардан карантиндегі адамдардың жағдайы туралы есеп қабылдап аламыз.  Сағат 8-де жұмыс басталады. Адамдардың дене қызуын, қан қысымын өлшейміз. 3 мезгіл тамақ береміз. Кейбір адамдарға психологиялық қолдау көрсетеміз. Сөйлесеміз», - дейді ол.

Волонтер бастапқыда жұмыстың оңай болмағанын айтады. Себебі, шетелден келген қазақстандықтарды әуежайдан бірден карантин орталығына алып келеді.

«Олар психологиялық тұрғыда оқшаулануға дайын болмады. Шу шығарады. Бізді қуып, «танысыма звондап бұл жерден шығартқызамын» деп қорқытқан жағдайлар кездесті. Олар коронавирусқа тест тапсырғаннан кейін аурудың симптомдарын іздей бастайтын. Жиі сұрақ қояды. Қорқады. Мұндай жағдайда біз барынша қолдау көрсетеміз. Жақсылыққа сенуге шақырамыз. Біздің қолымыздан келмесе, арнайы мамандар жұмыс істейді. Бірен-сараны болмаса, көбі түсіністік танытты», - дейді Сейілхан Мұсабаев.

Орталықта жұмыстың көп болғаны сонша, алғашқы аптада тамақ ішуге уақыт табылмаған.

«Бірінші күні кішкене қорқыныш болды. Ішке кіргеннен кейін ештеңе ойлайтындай болмадым. Ramada Plaza-да шамамен, 15 волонтер бар. Бәрімізге қорғаныш киім, маска, антисептік берді. Медицина университетінің интерндері де болды. Қателеспесем, қонақүйде шамамен 70 адамға арналған төсек бар. Бірінші кезекте карантинге жатқызылғандар үйлеріне шығарылды. Қазір карантинде қанша адам қалғанын нақты айта алмаймын. Бірақ алдағы күндері қонақүйдегі карантин орталығының жұмысы тоқтайтынын айтты», - дейді волонтер.

Бүгін соңғы ауысымдағы жұмысын аяқтаған Сейілхан Мұсабаев үйге жіберілген. Дегенмен, коронавирус індеті өршіп кетіп, көмек қолы қажет болып жатса, алдыңғы шепте жұмыс істейтіндердің қатарында екенін айтады.

«Қанша дегенмен «егер вирус жұқтырып алсам, қайтемін» деген ой келеді. Ондай уақытта бар күш-жігерімді жинаймын. Позитивті болуға тырысамын. Өзімнің іс-әрекетім арқылы қанша адамға көмектесіп жатқанымды ойлаймын. Қиын уақытта осында жүрген жастар күш біріктірді. Қаншама жаңа  дос таптым. Олармен карантин біткен соң да қарым-қатынасымызды үзбейміз деген үміттемін. Меніңше, биыл «Волонтер жылы» деп жарияланудың өзі бекер емес. Сондықтан төтенше жағдай кезінде үйде қалмай көмектесіп жүрген барша жастарға рахмет айтамын. Біз біргеміз», - деді Сейілхан Мұсабаев.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан