Төтенше жағдай кезінде кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа қағидалары бекітілді
Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандардың мүгедектік статусы автоматты түрде ұзартылып, әлеуметтік төлем алу үрдісі жалғаса береді. Сондай-ақ еңбекке жарамсыздығын алғаш рет растайтын азаматтар «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш бере алады. Бұл жөнінде Қостанай облысының өңірлік комуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қостанай облысында 25 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың 6 500-і жыл сайын қайта куәландырудан өтіп, денсаулық жағдайын растайды.
«Төтенше жағдай кезінде кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа қағидалары бекітілді. Бұл түрлі мекемелерде адамдардың көп шоғырлануының алдын-алу мақсатында жасалып отыр. Карантин мерзімінде Қостанай облысында 400 адамның мүгедектігі автоматты түрде ұзартылады. Олар әлеуметтік төлемді бұрынғы тәртіппен ала береді. Ал алғаш рет өтініш берушілер «Электрондық үкімет» веб-порталының көмегіне жүгіне алады. Олар онлайн өтініш беруге құқылы. Оған қоса, барлық медициналық құжаттардың сканерленген нұсқасын бекітуі тиіс. «Электрондық үкімет» арқылы тағайындалатын мүгедектік түрлі заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 1 жыл мерзімге ғана беріледі. Өйткені, сырттай тағайындау барысында түрлі қателіктерге жол берілуі мүмкін», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков.
Мүгедектікті растайтын құжатты онлайн форматта рәсімдеген азаматтар бір жылдан кейін қайтадан құжат тапсырады.
Эльмира Мәмбетқызы