Карантин кезінде тұрғындардың қала ішінде жүруіне рұқсаты бар-жоғы тексеріледі
Алматыда карантинді сақтау мақсатында полиция қоғамдық көліктің жолаушыларын тексеріп жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары алматылықтардың карантин режимі кезінде қала ішінде жүруіне рұқсаты бар-жоғын планшет арқылы тексеріп жатыр.
«Әр азаматтың деректері электронды түрде тексеріледі. Ақпарат болмаған жағдайда, шұғыл қажеттіліксіз көшеге шығуға шектеу енгізілгенін ескертеміз. Біз ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабына сәйкес талаптарды түсіндіреміз. Жергілікті полиция қызметкерлері тек ЖШ тізіліміндегі мәліметтерге сүйенеді. Бұл шаралар карантиндік режим аяқталғанға дейін өткізіледі» – деді Алматы қаласы ПД басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.
Айта кетейік, Алматыда 7 сәуірден бастап қала ішінде жүруге арналған құжаттар мен анықтамалардың күші жойылды. Қалада карантин кезінде жұмысын жалғастыратын кәсіпорындардың электронды деректер базасы құрылған еді.
Базаға қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін медицина, құқық қорғау, коммуналдық қызмет, БАҚ өкілдері, такси және жеткізу қызметтері мен мемлекеттік орган қызметкерлері енгізілді.