«Экологиямыздың оңып тұрғаны шамалы»: елімізде электромобильдердің аккумуляторын жоятын зауыт жоқ

Автор: Аягөз Құрмаш

Бұл салаға инвестор тартып, зауыт салу көзделген

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар азаматтарымыз электомобильдермен жүруге көшсе, елімізде энергетикалық дағдарыс тудырып, энергия тапшылығы болмай ма деген мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданған болатын. Депутат, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Әділ Жұбанов заң жобасы талқылау кезінде экология министрлігіне сұрақ қойды.

«Мен электромобиль жайында әзірленген заң жобасының жұмыс тобының мүшесімін. Германия азаматымен кездескен болатынмын. Сонда ол біздің елде электромобильдің көбейіп жатқанын, осы бағытты еліміздің қолға алғанын жақсы үрдіс деп айтты. Бірақ «Еуропада экологиялық таза көлік үлкен қарқынмен көбейіп жатқан жоқ» деді. Себебі олардағы үлкен мәселе электромобильдердің аккумуляторын жою мәселесі. Осы бойынша қандай да бір жоспар бар ма?»,- деді ол.

Жұбановтың айтуынша, еліміз онсызда ұзақ уақыт экологиялық сынақ аймағына айналған.

«Экологиямыз да оңып тұрғаны шамалы. Осыған экология министрлігінің жауабы бар ма?»,- деп сұрақ қойды ол.

Экология вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың сөзінше, ондай зауыт елімізде әлі жоқ. Инвестор тартып, зауыт салу жоспарда бар,. 

«Утилизация бойынша сұрақ министрліктің күн тәртібінде тұр. Инвесторларды іздеп жатырмыз. Әлемдік тәжірибені қарап жатырмыз. Олар Қытай мен Канадада бар. Сол инвесторлар келіссе, бірлесе отырып зауыт саламыз. Ақша бөлінген», - деді вице-министр.

Талқыға салынған тағы бір тақырып, электромобильдердің энергия тапшылығын тудыруына қатысты мәселе. Мұндай көліктер былтыр орташа есеппен сағатына 20 млн кВт тұтынған. Өйткені, елімізде электомобильдерге көшіп жатқан азаматтар аз емес.

«Электромобильдерді пайдалану жылы аймақтарда дамиды деген болжам бар. Сол себепті оңтүстік өңірлерде электрэнергияны өндіретін газбен және жаңартылған энергия көздерімен шығаратын электрэнергия мекемелері салынады. Сондықтан тапшылық мәселесі алдағы 3-4 жылда толық шешеміз деп айта аламыз», - деді Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Есімхановтың айтқан мәліметіне сәйкес, бүгінде елімізде 8 600-ге жуық электромобиль бар.

«Көліктер былтыр орташЭкологияа есеппен сағатына 20 млн кВт тұтынған. Себебі, олар энергияны үнемдейтін электромобильдер. Біз 112 млрд электрэнергиясын өндіріп, бірақ тұтыну 10 есе өскен күннің өзінде сағатына 200-300 млн кВт жеткілікті болады», - деп түсіндірді Есімханов.