Алматыда ірі көлемде синтетикалық есірткі өндіретін зертхана жойылды – ҰҚК

Автор: Azattyq Rýhy

Жеке үйде есірткіні дайындау кезіндегі қылмыс үстінде жедел қызметкерлер екі шетелдік азаматты ұстады

фото: ашық дереккөзден

ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемде синтетикалық есірткіні өндіру және тарату әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2024 жылғы 3 қаңтарда Алматы қаласына жақын орналасқан жалға алынған жеке үйде есірткіні дайындау кезіндегі қылмыс үстінде жедел қызметкерлер екі шетелдік азаматты ұстады.

«Тінту барысында заңсыз айналымнан 30 кг «альфа-PVP» психотропты затының дайын өнімі, сондай-ақ 5.5 тоннадан астам прекурсорлар алынды. Қолда бар мәліметтер бойынша есірткілер интернет арқылы сату жолымен Қазақстанда таратылуға арналған. Сот шешімімен фигуранттарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды», - делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.