Аққулар арасында тараған құс тұмауы қашан тоқтайды – экологтар жауабы

Аягөз Құрмаш

Жануарлар әлемінде әрқашан табиғи сұрыпталу жүреді

Аққулар арасында тараған құс тұмауы қашан тоқтайды – экологтар жауабы

Ақтауда өткен брифингте экологтар, вирусологтар және СЭС қызметкерлері журналистердің сұрақтарына жауап берді,деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қазіргі уақытта тек құстардың ұшып кетуін күту ғана мәселенің шешіміне нақты ұсыныс болып отыр. Өйткені экологтар құстың қазіргі жағдайын табиғи сұрыптау деп атады.

Mangystaumedia хабарлағандай, бүгінде өңірде үй құстары арасында да мониторинг жүргізіліп жатыр. Өткен күзде 6 мыңнан астам құсқа алдын ала вакцинация жасалды. Сонымен қатар аймақта жабық ұстау режиміндегі фабрикаларда 380 мың құс бар.

Сондықтан мұнда вакцинация қажет емес. Бірақ қазіргі жағдайды ескере отырып, тағы 9 мыңға жуық вакцина дозасы сұралды, Каспий жағалауындағы барлық құсқа вакцинация жүргізіліп жатыр.

«Аққулар арасындағы қазіргі жағдайды табиғи сұрыпталу деуге болады. Қазірдің өзінде біз 900-ге жуық құстың өлексесін таптық. Биыл көлде 87 мыңға жуық түрлі құс қыстап жатыр. Ал бұрынғы уақытта 2-10 мың аралығында болды. Өткен жылдары құс тұмауына байланысты жағдайлар санаулы ғана құс арасында болды. Егер пайыздық мөлшерлемемен алсақ, онда инфекцияның пайызы бірдей деңгейде. Тіпті алдыңғы жылдарға қарағанда аз. Жануарлар әлемінде әрқашан табиғи сұрыпталу жүреді. Күштілер аман қалады, ал әлсіздері өледі. Әлемде құс тұмауы жағдайлары көбейіп келеді», - деді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин.

 - Құс тұмауы қашан тоқтайды? Қандай болжамдар бар?

 - Қазіргі уақытта ветеринарлар мен ғалымдардың ұсыныстары тек бақылау болып отыр. Жалпы, бұл вирус құс денесінен сыртқа нәжіс арқылы шығарылады. Қазіргі температура режимі вирустың өмір сүруіне ықпал етеді. Құстар әлі күнге дейін көлге келеді. Егер құстар одан әрі ұшып кете бастаса, ауру қарқыны төмендей түспек.

 - Құстар ұшып кеткен жағдайда басқа жаққа барып өле ме?

 - Көлден тек күштілері ғана ұшып кете алады. Біз тек аумақта санитарлық тазалауды ұйымдастырып, тұрғындар бармас үшін бекеттер қоя аламыз. Егер адам ауру құсты ұстаған жағдайда оны жұқтыруы мүмкін, - деп жауап берді Темірбек Нұртазин.

Сондай-ақ СЭС мамандары әлемде адамның құстан құс тұмауы вирусын жұқтыру жағдайлары аз деңгейде тіркелгенін атап өтті. Бірақ Қазақстанда әзірге құс тұмауына қарсы вакцина жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.