Жалпы, бұл мұржаның құрылысы былтырғы тамыз айынан бері тоқтап тұр
Петропавл жылу электр орталығында жаңадан салынып жатқан түтін мұржасы біржола бұзылатын болды. Себебі құрылыс жұмыстары кезінде бір жаққа қарай қисайып кеткен. Сараптама қорытындысына сәйкес енді ол іргетасына дейін бөлшектеледі. Жауапты мамандар осындай шешім шығарып отыр. Мердігер компания өкілдері күн жылыған соң, осы істі атқарады. Бұл туралы Azattyq Rýhy 24KZ арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жалпы, бұл мұржаның құрылысы былтырғы тамыз айынан бері тоқтап тұр. Ақау анықталған соң, нақты қанша метрі бұзылатыны белгісіз еді. Барлық шығынды мердігер өз мойнына алады. Жаңасының биіктігі – 180 метрді құрайды. Ол сәтін салса, жыл соңына дейін салынып бітеді деген болжам бар.
Естеріңізге сала кетейік осыдан екі жыл бұрын стратегиялық нысанда нөмірі бірінші түтін мұржасы опырылып кеткен еді. Төтенше жағдай кезінде машинист-қараушы әйел үйіндінің астында қалып, мерт болды.
«Бірінші наурызға дейін мұржа толығымен бұзылады. Артынша күн жылынған соң, жаңасының құрылысын қайта бастаймыз. Біз ол үшін қосымша қаржы төлемейміз. Жоба құны - 2,1 миллиард теңге. Алдағы жылыту маусымына дейін барлық шаруалар аяқталуы тиіс. Әзір еш проблема жоқ. Қазандықтарымыз екі мұржамен де істей береді», - деді жылумен қамту кәсіпорнының бас директоры Анатолий Казановский.