Абай атамызға кінә арту есіріп секіргендік болады - Мұхтар Мағауин

Автор: Azattyq Rýhy

Жазушы сол кезде дүниеге терезе ашатын жалғыз жол орыс тілі мен білімі арқылы болғанын айтты

видеодан кадр

Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин Halyq Uni тілшісіне берген сұхбатында қазақ қоғамына орыс тілінің енуіне Абай Құнанбайұлының ықпалы туралы ойын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Абай атамыз данышпан адам болған. Бәрін түсінген. Қазақтың теңдесі жоқ ұлы ақыны. Ол орыстың Семейге айдалып келген революциялық көзқарастағы оқығандарымен жақсы араласқан. Олардан барлық жағдайды естіп, білген. Оның өлеңдері мен қарасөздерінің астарында отаршылықтың зардабын сипаттау жатыр. Абай орыстың тілін біл дейді. Дүниеге көзің ашылады. Оны қабылдағысы келген жоқ. Сол кезде дүниеге терезе ашатын жалғыз жол орыс тілі мен білімі арқылы болды. Қазір ағылшын тілін білу керек деп айтамыз. Біз Британияның отары болсақ, ағылшын тілін біліңдер деп айтатын еді. Бұл айтқаны өте дұрыс. Қазірдің өзінде орыс тілін білгеннің зияны жоқ. Орыс тілі әлемдік деңгейдегі тіл болғандықтан оны білу керек. Сондықтан Абайға кінә арту орынсыз болды. Бұл тойып секірген емес, есіріп секіргендік болады», - деді жазушы.